Анна Данилина Аделаида турнирінің ширек финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Анна Данилина Аделаида (Аустралия) WTA 500 турнирінің ширек финалына өтті.

Анна Данилина
Фото: Sports.kz

Қазақстандық теннисші ресейлік Ирина Хромачевамен бірге жаңа жылдағы алғашқы кездесуін сәтті өткізді.

Қазақстандық-ресейлік дуэт аустралиялықтар Габриэлла Да Силва Фи - Оливия Гадекиді 6:1, 6:1 есебімен ойсырата ұтты.

Небәрі 48 минутқа созылған бәсеке барысында Данилина – Хромачева 3 эйспен бірге 5 брейк-пойнттан шашау шығарған жоқ.

Анна Данилина – Ирина Хромачева жартылай финалға шығу үшін америкалықтар Эшлин Крюгер - Джессика Пегуламен таласады. Бұл жұп жарыстың 1-ракеткалары, тайбэйлік Се Шувэй – латвиялық Елена Остапенконы ұтып кетті – 6:3, 7:5.

Бүгін Аделаида ATP 250 турнирінде Қазақстанның ерлер арасындағы бірінші, әлемнің 33-ракеткасы Александр Бублик рейтингіде 55-орында тұрған сербиялық Миомир Кецмановичке есе жіберді – 4:6, 2:6.

Сондай-ақ осы додада жұптық сында Александр Недовесов нидерландтық Робин Хасемен бірге тартысты матчта чехиялықтар Петр Ноуза – Патрик Риклден ұтылып қалды – 6:1, 6:7 (13:15), 7:10.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Таиландтағы турнирдің іріктеу сайысын сәтті өткізгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар