Әнші Қажыбек Бекбосынов: Менің мақсатым - жақсы шәкірт дайындау
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1934 жылы даланың лала гүлдеріндей еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған дарынды жастар республикалық слетке театр саласына және опера сахнасына іріктеліп алынған-тын. Солардың ішінде, Жүсіпбек Елебеков пен Ғарифолла Құрманғалиев та бар еді. Әуелетіп ән салып, күмбірлете күй тартқан өнерпаздар сол бір кезде қазақ өнерінің іргетасын қалап, қиындығы мен қызығы мол киелі өнерді таңдап алғаны мәлім.
Сахна саңлақтары жасы ұлғайған соң шәкірт тәрбиесіне көңіл бөліп, 1965 жылы Республикалық эстрада-цирк студиясына келіп өз мектептерін ашты. Өнер жолында егіз қозыдай бірге жүрген Жүсіпбек пен Ғарифолла алдына келген шәкірттің дарынын бағалап, өнердің қыр-сырына баулыды. Бұл мектептің қалыптасуына ықпал ектен Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев, Мәдениет министрі Ілияс Омаров және студияның алғашқы директоры, көркемсөз шебері Гүлжиһан Ғалиқызы Ғалиева еді.
Жетісу өңірі Қапал ауданына қарасты «Қоңыр» аулының тұрғындары ол кезде ауыл кеңсесінің жанындағы бағанаға ілінген радиоторабынан Қазақ радиосынан берілетін ән-күйді тыңдайтын. Солардың ішінде болашақ әнші Қажыбек Бекбосынов та бар еді.
Қажыбектің ағасы Айтбек төрт қыздан кейін туғандықтан аса еркелететін. Бірде әкесі қалаға барып патефон сатып әперді. Бала әнші осы патефон арқылы Күләш Байсейітова, Жүсіпбек Елебеков пен Кенен Әзірбаевтың орындауындағы әндерді әлденеше тыңдап, көкейіне тоқыды.
Қажыбектің әкесі Құдайберген де халық әндерін тамылжыта орындайтын. Қажыбек бала кезінен бір әншінің үніне тәнті болды.
«Мен радио арқылы үнемі ән тыңдайтынмын. Әсіресе, Ғарифолла Құрманғалиев ән салғанда ішкен асымды жерге қойып, ұйып тыңдай қалатынмын. Бара-бара сол кісіні көруді армандадым. Осы кісідей ән салсам деп армандадым. Біреу сенер-сенбес, мойнымды бұрғызбайтын бір іңкәрлік пайда болып, сол әншінің әнін тыңдасам ғана жаным жай табатын болды. Есейе келе маған домбыра қонды. Он төрт жасымды күндізгі 11-кезінде аяқ астынан домбыра тартқым келіп қатты мазам кетті. Домбыраны қайдан табасың? Ауылда Хамит деген ақсақалдың үйінде ғана домбыра болатын.
Сол үйде бір қаңқа домбыра болатын, «үйге барсам, апама айтсам, содан апамды Хамиттікіне жіберіп, домбырасын алғызсам, содан Кәрім деген домбырашыға барып домбыра үйренсем, сол домбыраға шегі мен пернесін байлатсам» деген арман маған тыныштық бермеді.
Бәрі тап солай болып шықты да. «Елімайды» үйреніп, содан Кәрім менен Тұрсынбектен «Кеңес» күйін үйреніп, екі жылдан соң Жеңістің 20 жылдығы қарсаңында біздің ауылда қой қырқым деген болады, сол қырқымның алдында мектеп оқушыларының арасында халықтың «Құралай», «Бозжорға» деген әндерімен қоса «Шегенің термесін» орындап ауылдастарымды қуантқаным бар», - дейді Қажыбек Бекбосынов.
Осы бір ауыл концертінен кейін ауылдастары ақ тілектерін айтып, «өскенде әнші болуың керек» деп ой тастады. Ол кезде Қажыбек Бекбосынов үшін әртіс болу деген қол жетпес арман еді.
Сөйтіп, білім іздеген жастармен бірге ол Алматыға келді. Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының тарих факультетіне құжат тапсырғанымен Серік Мамырбеков деген өнер қуған жігіт:
- Қажыбек, мұнда не ғып жүрсің, биыл эстрада студиясы ашылғалы жатыр, «Қазақконцертке» барайық»,- деп Пушкин көшесіндегі мекемеге алып келді. Келсек, байқау өтіп жатыр екен. Сол жерде Қазақстанның халық әртісі Гүлжиһан Ғалиева байқау өткізіп жатыр екен. Жастармен бір бөлмеге кірген Қажыбек бірер ауыз әнін айтқан соң, апай «болады, келесі емтиханға дайындал!» дейді.
Гүлжиһан Ғалиқызы жаз бойы ел-елді аралап, 1000-нан астам жастарды байқауға жинап әкелген екен. Үш байқаудан кейін елу шақты бала студияға қабылданды. Соның ішінде Қажыбек те болатын.
Қажыбек өзі бала кезінен армандаған Ғарекеңнің сыныбына оқуға түсті.
Енді Қазақстанның халық әртісі Қажыбек Бекбосыновпен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынайық: Алтын: Қажеке, сіз енді батыс өңірінің төкпе күй сияқты жылдам орындалатын ән-термелердің характерін қалай бойыңызға сіңірдіңіз, сізге осы әндерді бойыңызға сіңіру қиындыққа соққан жоқ па?
Қажыбек: Жетісу өңірінде өскен маған Мұхит әндерін орындау аса қиынға соқпады. Себебі, мен осы үрдісте ән салуға бала кезімнен рухани дайын едім. Содан кейін батыстың әндерінде диірменнің тасындай дөңгеленіп жататын бір ерекшелік бар, сол да менің бойымда бар болып шықты. Бірақ бар нәрсені пайдалау, пайдаландыра білу Ғарекеңнің зор еңбегі екені рас.
Алтын: Студияда көптеген ұстаздар болды ғой. Әрқайсысының сабақ беру тәсілдері әртүрлі болып келеді. Ал Ғарекеңнің тәсілінде шәкірттерін еркелет отырып, аса қамқорлықпен сабақ үйрету басым еді ғой. Қыран балапанын баптағандай, аса ыждаһаттылықпен қарайтын еді-ау. Арнайы оқу орнын бітірмесе де, ұстаз болудың қыр-сырын өзінше пайымдап, балаларға осыны қалайда ұғып алып, көбірек ән сырына қанықса деген тілекпен жанкештілікпен еңбек еткен жан еді.
Өзіңіз ән үйренуде қиналған кезіңіз болды ма? Мысалға, күрделі Мұхит әндерінің иірімдері мен әншіліктің шеберлігін меңгеру бар дегендей. Әннің характерін ашып, бойға сіңіру бар деген сияқты.
Қажыбек: Ғарекең өмірдегі түйгенін көкейіне тоқыған адам еді. Мен өзім де ұстазбын, мен әркез Ғарекеңнің әдіс-тәсілін пайдаланып, сабақ үйретем. Өйткені, өнерге зорлық жүрмейді. Алдымен шәкірттің көкейіне қондырып, әнге қызығатындай жағдай жасауымыз керек. Тамырына су құйған ағаш сияқты, содан кейін ғана гүлдеуін күтуіміз керек. Яғни өзінің өмірінен алғандай болып ән орындау керек. Ол кісі де біреуге шәкірт болды ғой.
Ғарифолла ағамыз айтып отыратын: «Он жасымда Шайхы деген әншіге қосып жіберіп, үш ай ел аралағаным бар» деп. Яғни Шайхының ән үйрету тәсілі осылай болған шығар. Ғарекең өте қалжыңбас адам болатын. Бірақ талап қоя білетін, сол талабын орындата білетін жан еді. Айтатын кезде түсіндіріп айтады, дауыс көтермейді, одан кейін қайталатудың қажеті де жоқ. Алты күн оқимыз. Әр күні төрт сағат сабақ аламыз. Үкімет бізге осындай мүмкіндік берген.
Қазір шәкірт тәрбиелеп жатырмыз. Түркістан университетінде өзімнің жеке мектебім бар, бірақ бізге жұмасына екі күн ғана сабақ беруге рұқсат етеді. Біз сондай мүмкіншілікте оқығанымызды бақыт деп білеміз.
Алтын: Қазір Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі ғой, кезінде студия болған, сіз осы оқу орнын бітірдіңіз. Бір кезде Ғарекеңнің алдынан дәріс алдыңыз. Енді өзіңіз де ұлағатты ұстазсыз, ұстаздық еңбектің қызығы, қиындығы дегенде не айтар едіңіз?
Қажыбек: Көбіне «Қазақконцертте» орындаушы әртіс болдым. Кейіннен министрліктің бұйрығымен Құрманғазы атындағы оркестрге келдік. Сөйтіп жүргенде Қазақтың қыздар педагогикалық университетіне дәстүрлі ән орындау бағыты бойынша жастарды домбырамен ән айтуға үйреттім. Кейіннен консерваторияға шақырылып екі жылдай сабақ бердім. Серік Жайлауұлы Піралиев деген ЖенПИ-дің ректоры Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне ректор болып барған соң өнер факультетін ашып, мені ұстаздық етуге шақырды. Менің мақсатым жүрген жерімде жақсы шәкірт дайындап қалдыру. Менің шәкірттерім қазақ өнерін асқақтатып, бәйтерегін жайнататын дарынды жастар. Бәйгеге мың ат қосылса, біреуі бірінші келеді.
Ұстаздық жағынан он жыл, әншілік жағынан қырық төрт жыл тәжірибем бар. Ән деген нәрсені өз көмейімнен өткізіп, қолыммен ұстаған адаммын ғой.
Алтын: Әр адам туған топырағының өнерін дамыту керек. Мысалға, сіз Жетісу әндерін шебер орындайсыз. Оралдан ән оздырған Мұхит бабамыздың әндері сізге жат емес, Арқа әндерін де жақсы орындайсыз. Ал енді бұл әндердің орындау тәсілі, өзіндік сыры бар ғой, көп әншіде мұндай қасиет кездесе бермейді, өзіңіз сол дәстүрді қалай игердіңіз?
Қажыбек: Халық мені осылай бағалайды деп сол уақытта ойлағам жоқ. «Қазақконцертте» ән сапарларында жүргенде Сырға барсаң Нартайды, Көкшетауда Ақан, Біржанды, Маңғыстауда Жеті қайқының әндерін көрермен сұрайды. Әнші бес аспап болу керек деп ойлаймын, білмеймін деп тұру өзіңе сын.
Ғарекең бірде маған ренжіді. «Сен Талдықорғанның Біржаны болып жүр екенсің ғой!» деп. Кабинетінен ренжіп шығып кетті.
Үш күннен кейін барғанымда Ғарекең мені басқаша қарсы алды. Шәкірттеріне таныстырды. Мен халықтың қалауы жөнінде айтып бердім. Сонда Ғарекең: - Дұрыс екен, сен менің шәкіртім екеніңді ұмытпайсың ғой,- деп қарсы сұрақ қойды.
- А - деп жоғарғы нотаны алғанда сіздің шәкіртіңіз екенім байқалып тұрады,- деп едім, - Соның дұрыс екен,- деп батасын берген.
Маған ерекше қозғау болған, барған жеріңде көрерменді риза қылу еді. Мен домбыраның үстіңгі шегімен басып тарта алмайтынмын, батыс өңірдің стиліне беріліп кеткенім болса керек. Көбіне сағасына кетіп қалатынмын. Арқа әндерін орындағанымда кейбіреу: - Қойсайшы, сандалмай, -дегендері де болды.
Алтын: «Қазақконцерт» бірлестігі киелі жер ғой, қаншама жыл еңбек еттіңіз, сіздерге үлгі көрсеткен аға-апаларыңыз болды, жақсы адамдармен сырлас, табақтас болдыңыз. Бұл ұжымның өнер иелері тоғыз ай өнер сапарларымен ел аралайтын. Солардың көбісінің атағы да жоқ. Еленбей қалған өнер иелері жайлы айтып берсеңіз:
Қажыбек: «Қазақконцертте» адами қарым-қатынас жақсы еді. Сен өнер тобымен сапар да да, мейманханада да, сахнада да, қонақта да біргесің.
«Кемедегінің жаны бір» дегендей, бірге оқыған құрбы-құрдастардың жөні бір бөлек.
Табиғаттың өзі беріп қойған тәртіп бар еді, әйтеуір бауырмалмыз. Рабиға Есімжанова, Мағауия Хамзин, Әзидолла Есқалиев, Бақыт Қарабалинамен бірге ән сапарында бірге жүрдік, Жамал Омарова апамызды, Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаев ағаларымызды көрдік.
Марқұм Ришад Абдуллин ағамызбен үш рет сапарлас болдым. Әнші Қуат Ниязбаев, қазақ қыздарынан шыққан ксилофоншы Алма Айдынғалиева, Тынышбек Бұйрабаев, Нұғыман Аббасов деген концерт жүргізушілермен сапарлас болдым. Ол кісілер үлкендік ақыл-кеңесін айтып отыратын. Отыз жыл осы ұжымның ыстығына күйіп, суығына тоңып еңбек еттім.
Концерт басталмас бұрын шыттай киініп алам да, әннің образын, интонациясын, мимикасын қалыпқа келтіріп, қайталаумен болам. Өйткені, сахна деген киелі жер. Қалай болса, солай шыға салу көрерменді сыйламау деп түсінем.
Алтын: Қанша дегенмен жетпісінші жылдары қазақ өнеріне деген қамқорлық ерекше еді ғой. Қазір арнайы оқу бітірген жастар өз орнын таба алмай қалатын кездері бар.
Қажыбек: Қаншама оқу бітірген жастар жұмыссыз қалды. Қамқорлықсыз қалды. Біз ол заманда жолдамамен филармонияға орналасатынбыз. Тұратын орнымыз, жұмысымыз, уақытылы өнер сапарларымыз болатын. Қайда барсаң да бәрі жүйе жүйесімен болатын.
Қазақстанда жұлдыздар толып жатыр. Олар дәл біздей жүйелі жұмыс істей алмайды, жіп үзілді. Өнерпаздың бар мақсаты - үздіксіз халыққа қызмет ету. Бұл заңдылық бұзылғалы көп болды.
Әлі халықтың арасында отырып алып айтатын әңгімелерім қанша көп. Кешегі Ғарекеңдердің, Жүсекеңдер мен Дәнештердің аузынан естіген қызық әңгімелерім баршылық. Халықтың арасында жүріп біз сергиміз, халықтың арасында жүріп біз өмір сүреміз. Өнер адамы гүл сияқты, айналайын қазағымның «әй, бәрекелді» деген сөзіне семіреміз.
Қазағымның ортасында Қажыбекпін, әншімін.
Әнші болам деген адам жан-жақты іздену керек. Біздің заманға өте керек дүние. Өзімнің бес студентім Шымкент облыстық филармониясында әншілік етеді. Мен соған қуанамын.
Алтын: Халқымыздың інжу-маржаны, асыл қазынасы, әуезді әнін алаш аспанында әуелеткен, қазақ даласының түкпір-түкпінрінде дамыған әншілік дәстүрдің қай-қайсысыының да қыр-сырын жете меңгеріп, сахна саңылағына айналған арқалы әнші Қазақстанның халық әртісі Қажыбек Бекбосынов өнер майталманы. Ұстазы Ғарекең Шынтас пен Шайхыдан дәрсі алса, Қажыбек Ғарекеңнен, Қажыбектен Түркістан жастары ән үйреніп, сахна шеберлігін шыңдауда.
Әнші кемелденген шағында өткенге оймен барлау жасап, армандаған асқар шыңға жеткеніне тәубе етеді. Әлі де көрермендерімен қауышуды аңсайды. Мол тәжірибесін әңгімелей отырып, ән сапарларымен ел аралап, армансыз ән шырқағысы келеді.
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері
ҚР Мәдениет қайраткері
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты
Алтын Иманбаева