Антисанитария, жағымсыз иіс: Қызылордалықтар мал базарын көшіруді талап етті

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда қаласы КБИ шағын ауданының тұрғындары сол аумақта орналасқан мал базарын жабуды талап етті.

мал базары
Фото: Қызылорда қаласының әкімдігі

Бір топ адамның шағымы Facebook әлеуметтік желісінің «Критика Қызылорда» парақшасында жарияланды.

Бейнежазбада олар базар маңы қоқысқа толы екенін, қолқаны қабатын сасық иістен құтыла алмай келе жатқанын айтқан. Алажаздай маса, шыбын-шіркей қаптап, тіпті кенеге дейін шығады екен. Сондықтан тұрғындар антисанитария жағдайындағы сауда орнының жұмысты жалғастыруына қарсы. 

мал базары
Фото: Қызылорда қаласының әкімдігі

Тұрғындар шағымына байланысты қала әкімдігі түсініктеме берді. Ресми жауаптан белгілі болғандай, халықтың ренішінің басылмауына бірнеше себеп бар.

мал базары
Фото: Қызылорда қаласының әкімдігі

— Біріншіден, мал базарының ветеринариялық-санитариялық нормаларға сай еместігі айтылады. Екіншіден, жеке тұрғын үйлермен жапсарлас орналасқаны, төрт түлік тиеген жүк көліктерінің тыныштықты жиі бұзатыны, сонымен қатар көлік кептелісінің көбеюі негіз болған. Тұрғындар мал базарын қаланың шетіне көшіруді бірнеше мәрте талап еткен. Осы жағдай бойынша жұмысшы топ мал базарының әкімшілігімен кездесті. Мәселені егжей-тегжей бағамдап, кәсіп мәдениетін қалыптастыру қажеттігін ескертті. Нысан иесіне талапқа сәйкес жұмыс жасау керегін түсіндірді, — делінген хабарламада.

мал базары
Фото: Қызылорда қаласының әкімдігі

Ал көшіру мүмкіндігі келесі жылы дайын болатын қаланың бас жоспарына сәйкес қарастырылады.

Айта кетейік, Қызылорда облыстық Экология департаментінің қызметкерлері биыл 10 айда 46 субъектіге тексеру жүргізіп, 100-ге тарта экологиялық заңбұзушылықты анықтады.

Соңғы жаңалықтар