АӨСШК-ге мүше елдер қаржы саласындағы ынтымақтастықты нығайта түспек
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада өткен «Аstana Finance Days 2024» халықаралық конференциясы аясында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне мүше елдер өкілдерінің қатысуымен «Трансформация аясында АӨСШК-ге мүше мемлекеттер арасындағы қаржылық өзара іс-қимылды кеңейту перспективасы мен жолдары» тақырыбында панельдік сессия өтті.

«Қаржы саммитін институттандыру жөніндегі бастаманы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы АӨСШК-нің алтыншы саммитінде жариялады. Бұл бастама кеңеске мүше мемлекеттердің АӨСШК шеңберінде қаржы саласындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылықтың өсіп келе жатқанын көрсетеді. Бұған дейін Қытай АӨСШК-ге төрағалық ету кезеңінде қаржы саммитін өткізуді ұсынды және бүгінгідей үш саммитті сәтті ұйымдастырды», - деді Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі Бас хатшысының орынбасары Чжан Лин.

Сондай-ақ шетелдік мейман «Аstana Finance Days 2024» халықаралық конференциясы аясында Азиядағы экономикалық және қаржылық байланыстарды нығайту тақырыбында өткен панельдік сессияның мақсатына тоқталды.
«Бүгінгі панельдік сессияның мақсаты – қаржы саммиті ережесінің жобасын талқылау. Осыдан кейін қаржы саммитін институттандыру мәселесін ресми талқылау басталады. Бастаманың мақсаты -ашық және инклюзивті диалог құру және АӨСШК-ге мүше мемлекеттер арасындағы қаржы саласындағы әріптестікті дамыту, өйткені әлем тез өзгеруде. Ешбір ел бұл жаһандық сын-қатерді жалғыз шеше алмайды. Бізге мемлекеттік органдардың, салалық құрылымдардың сонымен қатар қоғамдық ұйымдардың күш-жігерін біріктіру үшін алаң қажет», - дейді ол.

Оның пайымдауынша, АӨСШК шеңберіндегі қаржы саммиті тұрақты орган бола отырып, бүкіл Азия контингенті, мүмкін, бүкіл әлем үшін қаржылық өзара іс-қимыл саласында практикалық нәтижелер әкелуі мүмкін.
Айта кетейік, Астанада жыл сайынғы дәстүрлі «Аstana Finance Days 2024» конференциясы «Инновация. Инвестиция. Серпін» тақырыбында өтті. Биылғы басқосуда қаржы секторындағы озық технологиялар, Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері және қаржының орнықты дамуға және қоғамдағы оң өзгерістерге әсері талқыланды.