Аstana Finance Days конференциясы басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада жыл сайынғы дәстүрлі «Аstana Finance Days 2024» басталды. Биылғы басқосу «Инновация. Инвестиция. Серпін» тақырыбында өтеді, онда қаржы секторындағы озық технологиялар, Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері және қаржының орнықты дамуға және қоғамдағы оң өзгерістерге әсері талқыланбақ.


«Қазақстан халықаралық инвестицияларды тарту үшін зор әлеуетке ие, бірақ әлемдік қаржы нарығында бәсекелестік күннен-күнге күшейіп жатқанда инновациялық тәсілдер мен шешімдерді енгізу қажет. АХҚО Қазақстанның инфрақұрылымдық жобаларына инвестициялар тартуға және қаржы саласында жаңа өнімдер енгізуге жәрдемдесетін тиімді алаңға айналып үлгерді. Astana Finance Days – еліміз үшін ғана емес, қаржы әлемінің жаһандық қоғамдастығы үшін де өзекті тақырыптарды талқылау үшін мемлекеттік органдардың, бизнестің және сарапшылық қоғамдастық өкілдерін жинайтын өңірдегі бірегей алаң. Биылғы конференцияда өзекті сын-тегеуіріндерді және елдің қаржы секторының ұзақ мерзімді өсуі мен дамуына ықпал ететін жаңа стратегиялар іздеуді талқылаймыз», – деді АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров.

Конференцияның бірінші күні өңірлік инфрақұрылымға инвестициялардың болашағын қалыптастыру, энергетика мен құрылысты дамыту мәселелері, Орталық Азиядағы орнықты қаржыландырудың жай-күйі, баламалы инвестициялар саласындағы инновациялық-инвестициялық стратегиялар, электромобильге көшуге қолайлы қаржылық ортаны қалыптастыру, шығармашылық индустриялардағы дарынды жандарға инвестициялар, адами капиталды дамытудағы жасанды интеллекттің салдары, тәуекелдері мен мүмкіндіктері тақырыптарында панельдік сессиялар өтеді.
Бұдан басқа, АХҚО креативті индустрияны қолдауда маңызды қадам жасауда. Бүгін «Венчурлық студиялар туралы» АХҚО қағидалары қабылданады. Бұл қадам венчурлық бизнесті реттеу үшін құқықтық база жасайды, ол инновациялық стартаптардың өсуіне және АХҚО шеңберінде олардың ауқымын одан әрі ұлғайтуға жәрдемдеседі.

Бұл қағидалар жаңа бизнес-идеяларды инкубациялауға, кәсіпкерлерге демеушілік жасауға және жаңа бизнес ауқымын кеңейту шығындарын азайтуға мүмкіндік беретін нақты жедел шараларды енгізу арқылы venture studio моделі шеңберінде бизнес жүргізуді жеңілдетеді.
Осы орайда АХҚО-да алғашқы венчурлік студия құрылады. Бұл стартаптар мен кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын Қазақстандағы венчурлық студияларды дамытудағы маңызды қадам болмақ.
Оған қоса, Қазақстанда алғаш рет АХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығы «ХТО: төреліктегі әйелдер күні» шарасын өткізеді. Бұл халықаралық төреліктегі алуандылық пен инклюзивтілік мәселелеріне арналады. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген жетекші әйел-төрешілер, ғалымдар мен заңгерлер тәжірибе алмасу және халықаралық төрелік саласындағы әйелдердің алдында тұрған өзекті проблемаларды талқылау үшін бас қосады. Атап айтқанда, энергетика мен құрылыс секторларындағы дауларды шешу, төрелік өткізуге арналған стратегиялық орын таңдау тақырыптары қамтылады.

Айта кетейік, Аstana Finance Days конференциясы 2018 жылдан бері қаржы саласының жетекші сарапшыларын, Еуразия өңірінің инвесторлары мен бизнес-көшбасшыларын біріктіретін басты платформа ретінде қызмет етіп келеді. Жыл сайын бұл шараға 70-тен астам елден 3 мыңнан астам адам қатысады.