АПТАЛЫҚ ШОЛУ: Қазақстан-Бахрейн: сенімді серіктестік

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптаның дүйсенбісінде өткен Қазақстан-Бахрейн бизнес форумында екі ел үкіметтерінің арасында бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Атап айтар болсақ, Қазақстан Бахрейннiң көмегiмен Павлодарда алюминий өңдейтiн арнайы аймақ құруға мүдделi екенін білдірді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінiң орынбасары - ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрi Әсет Исекешев мәлiм еттi. Форум аясында Бахрейн ұлттық компаниясы «Мумталакат» пен Қазақстан ұлттық компаниялары «Бәйтерек» пен «Самұрық Қазына» арасында әрiптестiк орнату жөнiнде келiсiмге қол қойылды.
None
None

«Қазақстан Бахрейнге астық пен оның терең өңделген өнiмдерiн экспорттай алады, сондай-ақ ет өнiмдерiн жiбере алады. Екiншiден, алюминий өңдеу саласында әрiптестiк орнатуға мүдделi. Бахрейнде 800 мың тоннадан астам алюминий өңделедi. Қазақстанда алюминийдiң бай қоры сақталған, жылына 250 мың тонна алюминий өндiрудемiз. Болашақта 500 мың тоннаға дейiн өндiруге болады. Бiрақ бiздiң алдымызда алюминийдi өңдеу мақсаты тұр. Әзiрге бiз жылына 25 мың тонна өңдеймiз. Сондықтан мұнда үлкен әлеует бар. Павлодарда бiз алюминий өңдеудiң арнайы субаймақ құруға дайынбыз», - дедi Ә. Исекешев.

Сондай-ақ, оның айтуынша, Қазақстан Орталық Азия бойынша ислам банкингiнiң аймақтық хабын құруда Бахрейн тәжiрибесiн қолданбақ. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда исламдық қаржыландыру туралы заңнама бекiтілген. Бахрейн - Таяу Шығыста исламдық қаржыландырудың аймақтық көшбасшысы. Жоғары бiлiктi мамандар сонда шоғырланған.

Бизнес форумда Ә. Исекешев Бахрейн компанияларын Қазақстанға инвестиция салуға шақырды. Оның айтуынша, Қазақстан Орталық Азияда инвестиция салуға ең қолайлы ел болып табылады. Орталық Азияға бағытталған тiкелей инвестициялардың 85 пайызы Қазақстанға тиесiлi. Қазақстан Дүниежүзiлiк банктiң Doing Business рейтингiсiнде 50-орында.

Осы аптаның басында Бахрейн Королі Хамад бен Иса әл-Халифаның Қазақстанға алғашқы ресми сапары аясында Ақордада екі ел арасындағы бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.

Атап айтқанда, ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Бахрейн Корольдігі Сыртқы істер министрлігі арасында екіжақты консультациялар жөніндегі өзара түсіністік туралы, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Бахрейн Корольдігі арасында өнеркәсіп, инвестиция, шағын және орта кәсіпорындарды дамыту саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Бахрейн Корольдігі Индустрия және коммерция министрлігі арасында азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумдар рәсімделді.

1 шілдеде «Қорғас-Шығыс қапа» арнайы экономикалық аймақта жүк портын салу жоспарлануда

Сонымен қатар, дүйсенбіде Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Премьер-Министрiнiң орынбасары - Қаржы министрi Бақыт Сұлтанов Қазақстанда өткiзiлгелi отырған көлеңкелi экономикадағы қаражатты заңдастыру шарасына байланысты бірқатар мәселелерді қозғады.

Оның сөзіне қарағанда, мүлiктiң заңдастырылуы 2006-2007 жылдарда өткен шарамен сәйкес болады. Соның негiзiнде қазiр заң жобасы дайындалуда. Заң бойынша, жария етiлетiн ақша табыс болып табылмайды. Сол себептен оған салық салынбайды. Сонымен қатар жария еткен тұлғалар қылмыстық, әкiмшiлiк және тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылмайды. Осы шара барысында жария етiлген қаражаттар туралы жеке ақпараттар құпия болып сақталады. Салықтық, қызметтiк материалдар құпия болып қалады.

Ал осы брифингте ел экономикасындағы мәселелерге тоқталған ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев 2014 жылдың 1 шілдесінде Ақтау теңіз портының өткізу қуатын арттыру мақсатында жүк кемелеріне арналған үш терминалдың құрылысы басталатынын мәлім етті. Ол сонымен қатар өзге де ауқымды көліктік жобалардың құрылысына қатысты мәселелерге тоқталды.

1 шілдеде «Қорғас-Шығыс қапа» арнайы экономикалық аймақта жүк портын салуды бастау жоспарлануда.

«Бұл жобаны «ҚТЖ» 36,8 млрд. теңгеге қаржыландырады. Сонымен қатар республикалық бюджеттен 38,4 млрд. теңге көлемінде қосымша қаражат бөлу көзделген», - деді Е.Досаев.

Сондай-ақ оның айтуынша, 2014 жылдың 1 желтоқсанында «Жезқазған-Бейнеу» теміржол желілері пайдалануға беріледі.

Оның тағы бір атап өткен мәселесі шағын және орта бизнеске қатысты болды. 2014 жылы ҚР Үкіметі шағын және орта бизнес жобаларын қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету үшін 100 млрд. теңге бөледі. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Үкімет тарапынан Ұлттық қор қаржысынан шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыруды қамтамасыз ету бойынша іс-қимыл жоспары қабылданды.

"Биылғы 20 сәуірге дейін «Бәйтерек» холдингі мен «Даму» АҚ қаржыны екінші деңгейлі банктерге орналастыруға кіріседі. Бөлінген қаржының 50 пайызы бұдан бұрын бөлінген несиелерді қайта қаржыландыруға, 50 пайызы жаңа жобаларды қаржыландыру үшін бағытталмақ. Жаңа жобалар пулында қаржының кемінде 50 пайызы азық-түлік өнеркәсібі жобаларын іске асыруға қарастырылып отыр", - деп атап өтті Е. Досаев.

Премьер-Министрдің Мәскеуге ресми сапары

Ал сейсенбі күні Мәскеуде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов КО және БЭК мүше елдер Үкіметтері басшыларының кездесуіне қатысты. Еуразиялық экономикалық одақ туралы Келісім жобасын талқылау күн тәртібіндегі басты мәселе болды. Атап айтқанда, мұнай газ, ауыл шаруашылығы, темір жол мен автокөлік тасымалына қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Кездесу қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихаты барысында К.Мәсімов «бүгін барлық даулы мәселелер талқыланып, ішінара түзетулерден кейін құжат Мемлекет басшыларының қол қоюына дайын болады. Келіссөз үдерісінің өн бойында біз негізгі принцип ретінде қатысушы елдердің экономикалық мүдделеріне сәйкестікті басшылыққа алдық»,-деп атап көрсетті ҚР Үкіметінің басшысы.

Сол күні ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов РФ Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведевпен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын дамыту, сондай-ақ Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберіндегі одан әрі іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Тараптар екіжақты іс-қимылдар деңгейін жоғары бағалап, мемлекетаралық қатынастардың барлық спекторы бойынша байланыстарды одан әрі тереңдете түсуге мүдделі екендіктерін қуаттады.

Қазақстанда су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарлама бекітілді

Сәрсенбіде Қазақстан Республикасы Президентінің №786 Жарлығымен Қазақстанның 2014-2020 жылдарға арналған су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатерінің бірі - болжамдалып отырған су тапшылығынан туындаған мемлекетіміздің су ресурстарын басқарудың жаңа саясатын тұжырымдау қажеттігі туралы айтылған. Осыған байланысты Үкіметке су саласын дамыту жөніндегі ұзақ мерзімді бағдарлама әзірлеу тапсырылды.

Мемлекеттік бағдарламаның стратегиялық мақсаты - су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыру арқылы Қазақстан Республикасының су қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Бұл бағдарлама Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарының, басқа мемлекеттік бағдарламалардың, аймақтардың даму бағдарламаларының, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының мақсат-міндеттерімен үйлестіріліп дайындалды.

Мемлекеттік бағдарлама үш негізгі бағыт бойынша іске асырылмақ: Суды үнемдеу және су ресурстарының көлемін ұлғайту бойынша шараларды жүзеге асыру арқылы халықты, қоршаған ортаны және экономика салаларын су ресурстарымен кепілді түрде қамтамасыз ету; Су ресурстарын басқару тиімділігін арттыру; Сулы экологиялық жүйелердің сақталуын қамтамасыз ету.

Қазақстанның Ресей және Қытаймен барынша жақын достығы болды, бола да бермек

Сонымен қатар, бүгін Астанада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясы өтті. Онда Президент «Біз әлемнің жаһандық және аймақтық деңгейдегі жаңа қатерлеріне бетпе-бет шығуға тиіспіз», - деп мәлімдеді.

«Біз де ашық елдердің біріміз, біз де қақпақ астында өмір сүріп жатқан жоқпыз. Бізді барша елдермен мыңдаған экономикалық, саяси және жай ғана адамдық байланыстар біріктіреді. Барлық әлемде тек ашық елдер даму жолынан тайған жоқ. Шаруашылықпен айналысқан жабық елдер тұғырынан тайды. Сондықтан біз дұрыс жолды таңдадық. Біз әлемнің жаһандық және аймақтық деңгейдегі жаңа қатерлеріне бетпе-бет шығуға тиіспіз», - деп атап өтті Президент.

Елбасының айтуынша, бейбітшілік пен келісімді нығайту біздің елдің 2050 жылға арналған басты стратегиялық бағдарламасының негізгі тұтқасы.

«Жаһанда болып жатқан кейінгі оқиғалар алдымыздағы жүз жылдықтың қаншалықты қиын болатындығын көрсетіп отыр. Украинадан келген ақпараттар бізге ауыр тиюде. Ол біздің ТМД-дағы басты әріптестеріміздің бірі. Бізді онжылдықтарға созылған экономикалық байланыстар ғана емес, ортақ тарих байланыстырып отыр. Қазақстан бір ғасыр бұрын күштеп жер аударылған және Ұлы Отан соғысы жылдарында көшірілген жүз мыңдаған украиндықтардың екінші үйіне айналды. Олар қазақ жерінде өндірістерді ашуға және тыңайған жерлерді игеруге атсалысты. Тың және тыңайған жерлерді игеруге биыл 60 жыл толады. Бүгінде қазақстандықтардың 300 мыңнан астамы украиндықтар болып табылады. Украин жері - соғыс жылдарында фашизмге қарсы күресте қазақ жауынгерлерінің табаны тиіп, қаза болған қасиетті жер. Мыңдаған қазақ жастары Украинада білім алған. Солардың бірі мен екенін сіздер білесіздер. Ол жерде мен металлургия ісін меңгердім.

Біз, қазақстандықтар украин қауымының бірлігі мен тұрақтылығының қайта орнауына тілектестік білдіреміз. Украина ішкі мәселелерін ешкімнің сырттан араласуынсыз бейбіт жолмен өздері шешулері қажет деп есептейміз», - деді Н. Назарбаев.

Осы орайда, Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Украинадағы жағдайға қарап, ой қорытуға шақырды.

«Ол жерде болып жатқан оқиғалар әрбірімізге сабақ болуы тиіс. Экономикалық даму, тұрақты өмір тек бейбітшілік пен келісімнің арқасында ғана болатын құндылықтар», - деп түйді сөзін Елбасы.

Сонымен қатар, Елбасы Қазақстанның Ресей және Қытаймен арадағы қатынасы туралы сөз қозғады.

«Ресей мен Қытай біздің көршілеріміз, ал көршіні таңдамайды. Сондықтан да біздерде олармен барынша жақын достық әр уақытта да болды әрі бола бермек», - деді Елбасы. Мемлекет басшысы Ресеймен қарым-қатынас Қазақстан сыртқы саясатының маңызды векторы болып қала беретіндігін баса айтты. «Бүгінгі таңда біз халықаралық саясаттағы өткір дағдарысты көріп отырмыз. Мұндай қиын-қыстау жағдайда Қазақстан мен Ресейдің тату көрші, одақтас және стратегиялық серіктес екендігін мәлім етемін», - деді Н.Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар