Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Аптаның жаңа кинопремьераларына шолу

АСТАНА. KAZINFORM — Осы аптада кинотеатрлар көрерменге бірнеше жаңа фильм ұсынады. Олардың қатарында әлемдік дастанның басты қаһарманы туралы деректі туынды, сондай-ақ шытырман оқиғалы және драмалық картиналар бар. Kazinform тілшісі апта премьераларына шолу жасайды. 

Аптаның жаңа кинопремьераларына шолу
Коллаж: Kazinform / ЖИ

Менің жабайы досым. Үйге оралу, (Мой дикий друг. Возвращение домой) 

Рейтинг: 8.4

Жанры: шытырман оқиға, отбасылық

Ұзақтығы: 96 минут

Ел: Ресей, 2026

Режиссері: Анна Курбатова

Саша ормандағы досы — Рыжий есімді жабайы түлкімен қайта қауышады. Алайда ол түлкінің отбасы көшпелі хайуанаттар бағының қолына түскенін біледі. Саша оларды табиғи мекеніне қайтару үшін қауіпті сапарға аттанады. Жолда түрлі сынақтарды еңсеріп, достықтың шынайы мәнін дәлелдейді.

Одиссея

Рейтинг: 6.9

Жанры: жауынгерлік, шытырман оқиға, қиял-ғажайып

Ұзақтығы: 172 минут

Ел: Ұлыбритания, АҚШ, 2026 жыл

Режиссері: Кристофер Нолан

Троя соғысынан кейін Итака патшасы Одиссей жары Пенелопаға оралу үшін ұзақ әрі қауіпті сапарға шығады. Жолда ол Полифем атты циклоппен, Калипсо және адамжегіш алыптармен бетпе-бет келіп, сан түрлі сынақтан өтеді.

Дала

Жанры: жауынгерлік, драма, триллер

Ұзақтығы: 73 минут

Ел: Қазақстан, 2026 жыл

Режиссері: Максим Акбаров

Азамат пен Данияр — ұлттық саябақта инспектор болып жұмыс істейді. Тәжірибелі маман Азамат жас әріптесі Даниярға бұл саланың қыр-сырын үйретеді. Олар парктегі тәртіп пен заңның сақталуын қадағалап қана қоймай, далада адасып кеткен адамдарға да көмектеседі. Алайда кездейсоқ орын алған кісі өлімі олардың өмірін түбегейлі өзгертеді. Енді олар марқұмның әкесі бастаған браконьерлер тобына қарсы қауіпті күреске шығуға мәжбүр. Бұл қиын сәтте олардың жалғыз сүйенері — Азаматтың жұмбақ досы, даланы мекен еткен аңшы.

Сакамотоның күндері, (Дни Сакамото)

Рейтинг: 7.4

Жанры: жауынгерлік, комедия

Ұзақтығы: 128 минут

Ел: Жапония, 2026

Режиссері: Юити Фукуда

Таро Сакамото - аты аңызға айналған жалдамалы өлтіруші. Ол махаббат үшін өткенін артқа тастап, отбасын құрады. Шағын дүкенді басқарып, қарапайым өмір сүреді. Алайда бұрынғы жаулары оны ұмытқан жоқ. Отбасын қорғау үшін ол қайтадан өзінің шеберлігін дәлелдеуге мәжбүр болады. Туынды танымал «Shonen Jump» мангасы негізінде түсіріліп, Сакамотоның өткен өмірімен күресін баяндайды.

Уақыт сақшылары, (Патруль времени)

Жанры: шытырман оқиға, мультфильм, отбасылық, фантастика

Ұзақтығы: 80 минут

Ел: Канада, 2025

Режиссері: Флорделиса Дэйрит

Лейла мен достары кездейсоқ уақыт машинасын іске қосып, Ұлы Жібек жолы кезеңіне тап болады. Олар өткен дәуірдің ғалымдарына қауіп төндірген зұлым жауға қарсы күреседі. Енді балалар уақыт тепе-теңдігін сақтап, кері қайту үшін бірігуі керек.

Аса қабілеттілер

Жанры: шытырман оқиға, мультфильм, отбасылық, фантастика

Ұзақтығы: 60 минут

Ел: Қазақстан, 2025

Режиссері: Арыстан Туйжанов

Төрт жасөспірім қараусыз қалған зертханада жұмбақ құрылғыны іске қосып, ерекше қабілеттерге ие болады. Алайда олардың күшіне қызыққан жаулар пайда болады. Бұл сәтте достар өз өмірі мен жақындарын қорғау үшін күреске түседі.

Өткен аптадағы кинопремьералар тізімін осы жерден көре аласыздар.