Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Аптап ыстыққа байланысты Қарақалпақстандағы балабақшалар уақытша жабылды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Аптап ыстыққа байланысты Қарақалпақстанның бірқатар қаласы мен аудандарында мемлекеттік және жекеменшік балабақшалардың жұмысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

аптап ыстық
Фото: Florian Gaertner/photothek.de

Қарақалпақстанның Мектепке дейінгі және орта білім беру министрлігінің мәліметінше, бұл шешім Санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылық және қоғамдық денсаулық комитетінің ұсынысымен қабылданды.

Оған сай, енді мына шаһарлар мен аудандарда балабақшалар уақытша жұмыс істемейді:

- Нүкіс қаласы мен Қожелі ауданында – 13-18 шілде аралығында;

- Әмудария ауданында – 13-15 шілде аралығында;

- Беруни, Тақиятас, Шоманай, Мойнақ, Қанлыкөл және Төрткүл аудандарында – 13-17 шілде аралығында.

Uzhydromet болжамына сай, 13-17 шілде аралығында Өзбекстанда аптап ыстық жүреді. Республика аумағының басым бөлігінде ауа температурасы +43 градусқа, ал елдің солтүстік, оңтүстік және шөлейт аймақтарында +46 градусқа дейін көтеріледі.

Еске салайық, 2026 жылы Жер тарихтағы ең ыстық маусымдардың бірін бастан кешірді, мұхит температурасы жаңа рекордқа жетті.

Сондай-ақ, аптап ыстықтан Францияда сегіз ядролық реактордың қуаты төмендетілді.