Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Аптап ыстықта бетон жолдар неге деформацияланады: мамандар түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда ауа температурасының күрт көтерілуіне байланысты цементбетон жабындары бар автомобиль жолдарында температуралық деформациялар пайда болуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігінің Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мәлімдеді.

Аптап ыстықта бетон жолдар неге деформацияланады: мамандар түсіндірді
Фото: Александр Павский/Kazinform

Кейінгі апталарда еліміздің бірқатар өңірінде ауа температурасы +35…+40 градусқа дейін жетіп, кей жерлерде +40 градустан асты. Мамандардың айтуынша, мұндай кезде жол жамылғысының температурасы ауа температурасынан әлдеқайда жоғары болып, +60…+70 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.

Жоғары температура әсерінен цементбетон плиталары табиғи түрде ұлғаяды. Соның салдарынан жол конструкциясында ішкі қысым пайда болып, белгілі бір шекке жеткен жағдайда плиталардың көтерілуі немесе қисаюы сияқты деформациялар болуы ықтимал.

Ұлттық орталық мұндай құбылыс цементбетон жолдарының пайдалану ерекшеліктерінің бірі екенін атап өтті. Бұл жағдай әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде АҚШ, Канада, Германия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея және Австралияда да тіркелген.

Мамандардың түсіндіруінше, мұндай өзгерістер бетон сапасының төмендігін немесе құрылыс технологиясының бұзылғанын білдірмейді. Негізгі себеп — аптап ыстық кезінде бетон плиталарының жылулық ұлғаюынан туындайтын ішкі кернеулердің жиналуы.

Қазір Қазақстандағы жол ұйымдары цементбетон жабындары бар жолдарға тәулік бойы мониторинг жүргізіп жатыр. Анықталған ақаулар қолданыстағы талаптарға сәйкес жедел түрде жөнделеді.

— Экстремалды температура жағдайында пайда болатын жекелеген деформациялар әлемдік пайдалану тәжірибесінде кездесетін болжамды фактор болып есептеледі, — деп хабарлады ведомство.

Еске салайық, бұған дейін елдің шығысы мен оңтүстігінде аптап ыстық сақталатынын хабарлағанбыз.