Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Әр адам өз отбасындағы тәрбиеге көңіл бөлуі керек — экс-депутат Нұртөре Жүсіп

АСТАНА. KAZINFORM — Белгілі қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіп «Адырна» порталына берген сұхбатында бүгінгі қоғам мәдениеті, жас ұрпақ тәрбиесі және әдебиет мәселесі жөнінде пікір білдірді.

м
Фото: видеодан алынған скрин

Оның сөзінше, қазақ қоғамында амандасу мәдениетіне қайта мән беру қажет.

– Бүгінде дастарқан басында отырған адамдарға сырттан келген кісінің әрқайсысымен жеке-жеке қол алысып шығуы уақытты алып қана қоймай, әдеп пен гигиена талаптарына да сай келе бермейді, – деді Нұртөре Жүсіп.

Оның көзқарасынша, мұндай жағдайда «Сәлем бердік!» деп көпшілікке ортақ амандасу жеткілікті болар еді. Сондай-ақ, бұрынғы қазақ қоғамында «Мал-жан аман ба?» деп амандық сұрасу қалыпты дәстүр болғанын еске салып, мемлекеттік тілдегі амандасу мәдениетін жаңғырту қажет екенін айтты.

Бұдан бөлек, Нұртөре Жүсіп қоғамдағы мәселелерді сырттай сынаудан бұрын әр адам өз отбасындағы тәрбиеге көңіл бөлуі керек екенін айтты. Оның пікірінше, еңбекқорлық, адалдық, жауапкершілік және үлкенді құрметтеу сияқты қасиеттер ең алдымен отбасында қалыптасады.

– Қоғамдағы барлық мәселе үшін тек мемлекетті кінәлау дұрыс емес. Әр азамат өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қоғамның дамуына үлес қосуы тиіс. Саналы қоғам әр адамның өз міндетін адал атқаруынан басталады, – деді ол.

Сонымен бірге, қоғам қайраткері өсіп келе жатқан буынның тәрбиесі мен құндылықтары қандай болуы қажет екені туралы ойын бөлісті. Оның сөзінше, жастардың өмірлік мақсаты қымбат телефон мен сәнді көлік секілді материалдық қажеттіліктерді өтеумен ғана шектелмеуі керек.

– Адамдық пен надандықтың мәңгілік майданында жас ұрпақтың ар мен ұяттың, намыстың жолын таңдауы аса маңызды. Құр көрсеқызарлық, көреалмаушылық және бос сөз адамды надандық жетегінде қалдыратындықтан, әрбір жас ең алдымен айналасына, елі мен жұртына пайдасы тиетін шынайы азамат болуға ұмтылуы қажет, – деді ол.

Нұртөре Жүсіп бүгінгі жастарды тек сыртқы жылтырға қызықпай, ішкі рухани әлемін байытуға, жан дүниесінің сұранысын өтеуге мұқият болуға шақырады. Абай атамыз нұсқаған адамдықтың ақ жолы мен иманды күшейту – әрбір жастың басты мақсат-мұратына айналуы тиіс.

Сөз өнерінің бүгінгі мәселелері де оның назарынан тыс қалған жоқ. Жазушыларымыз өткен күннің қасіреті мен батырларды жаза бермей, бүгінгі қала өміріне көшуі керек дейді Нұртөре Жүсіп.

– Біз тек ат үстінде жүрген көшпелі халық емеспіз, сонау Отырар мен Сығанақтан бастап қала салып, мәдениет құрған ұлтпыз. Сондықтан бүгінгі әдебиет артқа қарайлай бермей, жаңа технология заманындағы қала қазағының болмысын жазуы тиіс, – деді ол.

Нұртөре Жүсіптің пайымдауынша, әлемдік жазушылар секілді біздің қаламгерлер де арамызда жүрген қарапайым халықтың тағдырын арқау етуі қажет. Сонау өткен тарихқа тамсана бергеннен бүгін ештеңе өзгермейді. Қазіргі қалалықтардың күнделікті тіршілігі мен ішкі арпалысы – жаңа заман кітаптарының басты сюжеті болуы тиіс.

Айта кетейік, бұған дейін Нұртөре Жүсіптің қазақтардан да өз Илон Маскі шығуы әбден мүмкін екені жөніндегі пікірін жариялағанбыз.