Әр бесінші бала кибербуллингке тап болады – ЮНИСЕФ зерттеуі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандағы бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Закиева ЮНИСЕФ жүргізген балалардың цифрлық мінез-құлқы туралы зерттеу нәтижелерімен бөлісті.

динара закиева
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

– Біздің серіктесіміз ЮНИСЕФ цифрлық технологияларды қолдану тұрғысында өте маңызды зерттеу жүргізді. Зерттеу нәтижесінде балалар алғаш рет интернетті шамамен 5 жасында қолдана бастайтыны анықталды, – деді елордада Teen Accounts жобасының іске қосылуына және жастардың онлайн қауіпсіздігіне арналған іс-шарада.

Зерттеуге сәйкес, балалар мен жасөспірімдердің шамамен 66%-ы әлеуметтік желіні сөйлесу үшін пайдаланады.

– Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқан балалардың 21%-ы кибербуллингке ұшырағандарын айтса, 20%-ы мүлде танымайтын адамдарды достыққа қосқанын мойындаған. Бұл өте қауіпті көрсеткіштер. Себебі технология күн сайын өзгеріп, дамып жатыр, ал біз балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай құралдарды қолдану керектігін нақты түсінуіміз керек, – деп толықтырды балалар құқығы жөніндегі уәкіл. 

Оның айтуынша, балалардың интернеттегі қауіпсіздігі бағытында Қазақстан халықаралық цифрлық платформалармен, атап айтқанда Meta компаниясымен тығыз жұмыс істеп жатыр. 

– Біз онлайн қауіпсіздік негіздері жайында бейнематериалдар жасауды ұйғардық. Бұл жұмысты өткен жылы бастаған едік, – деді ол.

Сонымен қатар заңнамалық деңгейде де жұмыс жүріп жатыр.

– Біз бұл бағытта негізгі мүдделі тараптармен, яғни министрліктер, әлеуметтік желілер өкілдерімен бірлесіп, өзара келісімге келу үшін ауқымды диалогты бастадық, – дейді ол. 

Еске салайық, жыл басында балаларға қатысты кибербуллинг фактілерін қарау ережесі бекітілді

Елімізде 2023 жылы елімізде балалар кибербуллингімен күрес мақсатында онлайн-платформалар туралы заң қабылданды.

Соңғы жаңалықтар