Балалар кибербуллингімен күрес: Онлайн-платформалар туралы заң қабылданды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заң қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заңның мақсаты – Қазақстан Республикасында онлайн-платформалардың қызметі үшін құқықтық негіз құру.

«Заңда онлайн-платформалар және онлайн-жарнама саласындағы мемлекеттік реттеу тәртібін белгілеу, онлайн-платформалардың жұмыс істеуінің құқықтық режимін және онлайн-жарнамаға қойылатын талаптарды айқындау, онлайн-платформаларды пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттерін регламенттеу ұсынылған. Заңмен «онлайн-платформаны пайдаланушы» және «инфлюенсер (блогер)» анықтамаларымен қатар, басқа да терминдер енгізілді. Заң нормалары мемлекеттік тілдегі онлайн-платформалар интерфейсін дамытуға бағытталған. Бүгінгі таңда барлық онлайн платформалар интерфейсті қазақ тілінде пайдалануға мүмкіндік бермейді, пайдаланушы келісімімен толық танысуға қарапайым мүмкіндік жоқ», - деді сенатор Айгүл Қапбарова.

Оның айтуынша, құжатта онлайн-платформаларда жалған ақпаратты таратуға және орналастыруға тыйым салу, сондай-ақ онлайн-платформаның меншік иесіне оны жою бойынша талаптар енгізіледі. Сондай-ақ заңда онлайн ортаны қауіпсіз және ашық түрде дамыту ескерілген. Азаматтардың өтініштері негізінде буллинг пен өшпенді риториканы қамтитын мазмұнмен күресуге мүмкіндік беретін нормалар енгізілген.

Уәкілетті органның нұсқамасы негізінде Қазақстан Республикасының аумағында құқыққа қайшы контентті, балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты орналастыратын және тарататын аккаунттар қызметін тоқтата тұру міндеті енгізіледі.

Ал ілеспе заң заңнамалық актілерді «онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заңға сәйкес келтіру мақсатында мақұлданды. Атап айтқанда, «онлайн-платформа» және «онлайн-жарнама» ұғымдарын енгізуге байланысты Қылмыстық, Кәсіпкерлік кодекстерге, «Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары туралы», «Жарнама туралы», «Білім туралы», «Ақпараттандыру туралы» заңдарға түзетулер енгізіледі.


Соңғы жаңалықтар