Әр рөлде ойнаған сайын көрерменге ой салсам деймін – Эльмира Мақашева

ОРАЛ. KAZINFORM – Театр сахнасында әр актер өзінің қолтаңбасын қалдыруға талпынады. Сол жолда аянбай еңбек еткен театр саңлақтары көрермен көзайымына айналып, ел ықыласына бөленіп жүр. Kazinform тілшісі Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының актрисасы, ҚР мәдениет саласының үздігі, аудармашы Эльмира Мақашевамен тілдесті. 

Театр
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

— Эльмира Жұмажанқызы, театрға келуіңізге не түрткі болды?

— Театр — менің өмірім, махаббатым, адамға шабыт сыйлайтын ерекше өнер ордасы. Балалық арманым, алға қойған басты мақсатым актриса болу еді. Сол қиялыма жету үшін жүріп өткен жолым, әрине, оңай болған жоқ, кәсіби білім алып, мамандыққа лайықты болу үшін аянбай еңбек еттім. Өнер жолы — ауыр жол. Сабырлылықты, талмай ізденуді, төзімділікті, шыдамдылықты талап етеді. Өзіңді қайрап, табандылық танытып, қайтсең де сахна төрінде бар өнеріңді халыққа жеткізуге тырысасың, сонда ғана мақсатқа жетуге болады.

Кішкентай кезімнен үйдің терезесінің алдына шығып алып, өзімді хабарлап, сахна қылып, үйдегілердің бәрін күлдіріп, қошеметімен өстім. Күн сайын дастарқан басында бір думан жасап, ойын-күлкімен өткізетінмін. Өйткені әкем Жұмажан жұмыстан шаршап келсе де, менің әзілімді қолдайтын. Анам Ақжонас та қолдаушым болды. Үйдегі он баланың арасынан өнерді таңдаған мен болдым.

— Театр ардагері Құжырғали Төлеуішев осетин драматургі Георгий Хугаевтың пьесасы бойынша қойылған «Қарашекпен» спектакліндегі Қоян рөлін Қазақстанда өзіңізден артық ешкім орындаған жоқ деп еді. Бұл туралы не айтасыз?

— Иә, белгілі қоғам қайраткері, ұзақ жылдар білікті басшы болған, театр ардагері, «Құрмет» ордені иегері Құжырғали Төлеуішов ағамыздың: «Осетин драматургі Георгиий Хугаевтің пьесасы бойынша қойылған „Қара шекпен“ спектаклін біраз жерде шақырумен барып қарадым, бірақ Қоян ролінде Қазақстанда сенен артық ешкім орындаған жоқ» деп айтып, менің мерейімді асқақтатып көтеріп тастағаны рас.

Театр
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бұл қойылымның режиссері — Асхат Маемиров. Әу бастан қойылымда қызығушылықпен еңбек етіп, репертуарда жүріп тұрған кезде көрерменнің үлкен сұранысына ие болып, халық азайған емес. Біздің қаланың өзі театр өнеріне үлкен құрметпен қарайды. Сол қойылымды сағынып іздеп келетін, әлі күнге қайталанып көрсетсе екен дейтін көрермендер де бар. Алғаш кәсіби тұрғыда баға берген белгілі театр сыншысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әшірбек Сығай ағамыз болатын. Ол кәсіби театр сыншысының бағасы болған соң сендім, қабылдадым, бір жағынан, мені шабыттандырып, жігеріме қанат бітірді. Өйткені қалай іштей дайындалғаным өзіме аян, ал нәтижесін күні бүгінге дейін көрермен пікірлері мен Құжырғали ағамыздың бағасынан үнемі естимін.

— Театрдағы басты рөлдеріңізге тоқталсаңыз? Жалпы, кейіпкеріңіздің сыртқы түрі ғана емес, ішкі әлеміне кіре білу жөнінде ойыңыз қандай?

— Театр сахнасында жүргеніме 30 жылдан асты. Менің білім алған Дәулеткерей атындағы мәдениет және өнер институты қаламыздағы қазақ драма театрының ашылуына байланысты бір топ жинақтаған болатын. Сондықтан 1993 жылы театрдың тыныс-тіршілігіне бірден араласып кеттік. Яғни қойылған қойылымдарда эпизодтық, көпшілік сахналарда Қазақстанның халық әртісі Гүлнар Жақыпова, ҚР мәдениет қайраткері Қайыпберген ағамыз бен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шахарбану Есенқұлова апамыз, ұстазымыз Мұрат Ахманов пен Хазима Нұғманова апамызбен бірге сахнада ойнадық. Ал бертін келе әр түрлі жанрда маған елуге жуық рөлдер бұйырды.

Актриса
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Басты рөлдерімнің ішінде ана бейнесіне ерекше құрметпен қараймын. Мысалы, Ж.Өзүбекованың «Толғағында» Ұмай анасы, С. Досановтың «Тозақ шеңберінде» Қайраттың анасы Дәметкен. Жалпы, түрлі жанрда басты рольдерді орындадым. Яғни комедия мен драма мүлдем бөлек. Аралары жер мен көктей. Демек, әр қойылымға басынан бастап ақ қағазға сия түсіргендей дайындалдым. Әрине, режиссердің мақсаты мен драматургтің ойынан ауытқымай, жұмыстану керек. Ал аналар образынан басқа комедиялық жанр болсын кез келген рольге сыртқы бейнесінен бұрын кейіпкердің ішкі жан дүниесімен, соның демімен тыныстауды ұстанамын. Рөлге ену үшін образға кіруге қол жеткізу үшін біраз тер төгуге тура келеді. Режиссер де соны талап етеді.

— Жуырда норвег драматургі Генрик Ибсеннің «Қуыршақ үй» пьесасы бойынша қойылған «Нора» моноспектаклінде бір өзіңіз төрт адамның бейнесін алып шығып, бенефис жасадыңыз. Қиын болды ма?

— ҚР мәдениет қайраткері, астаналық режиссер Баатырбек Шамбетовтың норвег драматургі Генрик Ибсеннің «Қуыршақ үй» пьесасының желісі бойынша қойған «Нора» спектаклі — менің көрермендерге деген құрметім, есебім іспеттес дүние. Өйткені осы уақытқа дейінгі іс-тәжірибемді жинақтап, халық алдында театрда біраз тер төктім, дегенмен өзім үшін де, көрермендер үшін де сахнадан жаңа қырымнан көрсеткім келді. Бұл жерде режиссердің ұтқыр әдістері, актердің халыққа жеткізе ойнауының маңызы зор.

Қойылым алдындағы дайындық барысы өзіме өте қызық болды. Өйткені моноспектакльде өнер көрсетуге менің алғаш қадам жасауым еді бұл. Сонымен бірге Баатырбек Рысқұлұлының жұмысымен сырттай таныс болсам да, бұрын бірлесіп жұмыс жасап көрмеген, жүзбе-жүз көріспеген режиссерім. Бірақ жұмыстану барысы шаршатқан жоқ, себебі өмірлік білігі мен тәжірибесі мол, сабырлы, мәдениеттілігі өте жоғары маман екен.

Театр
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Әр режиссердің өзіндік жұмыс жасау әдісі болады. Дайындық барысында талап-тілектері болады. Ал Баатырбек Рысқұлұлы ең алдымен шебер маман, тиянақты түсіндіріп, содан кейін нәтижесін талап етеді. Ол кісі де, мен де уақытпен санаспай жұмыс жасадық. Ал қойылымға келсек, көрерменнің көңілінен шығып, ойымыздағыдай болған сияқты. Моноспектакльдің басқа спектакльдерге қарағанда, жауапкершілігі мол болғандықтан, көп күш жұмсауға тура келеді. Көп нәрсе үйрендім. Өзім үшін тағы да қосымша тәжірибе жинақтадым. Бірден төрт кейіпкердің ролін алып шығу қиындығымен бірге өте тартымды болды. Өзім ерекше қызығушылықпен бардым бұған. Аударманы өзім жасаған соң барлығы түсінікті болды. Тек моно жанрын режиссердің көмегімен жұмыстандым.

Халық сахна төрінде құшағымды гүлге толтырып, алғыстарын айтып, тілектерін білдіріп жатты. Бұл, әрине, үлкен баға деп ойлаймын.

— Аударма демекші, соңғы жылдары әлем классиктерінің шығармаларын тәржімалаумен айналысып жүрсіз. Бұл мәжбүрлік пе, әлде ынта-құлшыныс па?

— Негізі, шындығына келсек, аударма саласы өте қиын, оған да ептілік, драмалық шығарма болған соң сахнадағы тәжірибе керек. Өзім негізінен қазақ тілді көрерменді шет елдік тұлғалармен таныстырып, драмалық қойылымдар арқылы жаңа деңгейге жетелесем деген мәжбүрлік ойдан туындаған деп те айтар едім. Өйткені ана тілімізде әлі көп ешкім біле бермейтін шет елдік тың дүниелер, драмалық шығарма табу қиын. Тапқан күннің өзінде автордың қаламақысы бар дегендей. Оған кез келген театрдың жағдайы жете бермейді. Бір жағынан, жалғыз адамдық бұрын-соңды сахналанбаған дүние болғанын қаладым. «Қуыршақ үй» өзіме бір оқығаннан өте ұнады. Осы шығарманы таңдағаныма өкінбеймін. Айтар ойы салмақты, соңғы кезде кейбір ер азаматтардың әйел өміріне қорған бола алмай қалып жүргені айтылады. Ол ерлердің намысына тиіп, бәріне бірдей топырақ шашу емес. Бір мезет ой салу. Әр таңдаған аудармам бір-біріне ұқсамайды. Драмалық, психологиялық, комедиялық жанрлардан бөлек, ертегілерді аударып, еліміздің түкпір-түкпірінде көрерменге жол тартты. Айта кетсем, Семей қаласындағы Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры, Қызылорда қаласы Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры, Астана қаласы Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық театры, Өскемен қаласы Шығыс Қазақстан жастар театры, Қостанай қаласы Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театры және басқаларында мен аударған шығармалар қойылды.

Жақында Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі, белгілі режиссер Қуандық Қасымов ағамыз тағы бір дүниемді қолға алды. Сәттілік тілейміз.

— Сіздің отбасыңызды оралдықтар өнерлі шаңырақ деп атайды. Жұбайыңыз Самал режиссер болса, қызыңыз Гүлдана «Наз» мемлекеттік би ансамблінің бишісі, ұлыңыз Досхан Мақашева театрында өнер жолына түскелі жүр.

— Елдің біздің отбасын өнерлі шаңырақ деп атайтыны рас. Оған себеп жан жарым Самал Әбуов Хадиша Бөкеева атындағы қара шаңырағымыздың актеры әрі режиссеры болса, қызым Гүлдана Қадерова — Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театрының бишісі. Қос ұлымыз — Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары. Екеуі де өнерден құр алақан емес. Оралхан «Абай» телеарнасының түсірілімінде Жәңгір Бөкейұлының жеткіншек шағын сомдаса, Досхан Оралдағы оқушылар сарайындағы «Мақашева» театрының өнерпазы, шағын қойылымдарға қатысып жүр.

Театр
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

— Өз театрыңыздың ерекшеліктері қандай? Шәкірттеріңіз көп пе?

— Орал қаласы білім беру бөліміне қарасты оқушылар сарайының «Мақашева» драма үйірмесі әрі театры 2021 жылы қыркүйекте ашылып, бүгінгі күнге дейін жұмыстанып келеді. Басшымыз, оқушылар сарайының директоры Шолпан Серiкқалиқызына қолдау білдіргеніне алғысым шексіз. Қоржынымызда үш қойылымымыз бар. Қала мектептеріне гастрольдік қойылымдарымызбен барып отырамыз. Өткен жылдың қыркүйек айында өзара меморандум аясында Ақтөбе қаласының оқушылар сарайында өнер көрсетіп қайттық. Одан бөлек аймақтық, облыстық, қалалық конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға да ие болып келеміз. Өнерлі оқушыларымыз баршылық. Біздің театрымыздың мақсаты оқушылардан актер немесе актриса дайындау емес. Әр оқушының бойында актерлық қабілеті болса, артық етпейтінін, қайта кез келген мамандыққа қажет болатынын айтқым келеді. Оны оқушылар да түсінді, сондықтан қазір 60 шақты өнерлі баламен жұмыстанудамыз.

— Әңгімеңізге рахмет. Театрдағы өнеріңіз шыңдала берсін, жолыңызды қуған шәкірттеріңіз көп болсын!

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Құжырғали Төлеуішевтің қарадүрсін қойылымдармен театрдың алысқа бара алмайтыны жөнінде берген сұхбатын жариялаған едік.

Соңғы жаңалықтар