Араб жазуы бар Қазақстан туын жарнамалағандарға құқықтық баға беріледі – Бас прокуратура
АСТАНА. KAZINFORM – Бас прокурор Берік Асылов Мәжіліс депутатының сауалына жолдаған жауапта Атырау қаласында араб жазуы бар тумен суретке түскен тұрғындар қандай жазаға тартылғанын, тартылуы мүмкін екенін мәлім етті.

– Атырау облысындағы оқиға бойынша құқыққа қайшы əрекет жасаған 4 қызды сот Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігімен (ұсақ бұзақылық) əкімшілік жауапкершілікке тартты, - деп жазылған жауапта.
Сондай-ақ ресми мәліметте заң бұзған тұлғалардың аты-жөні мен арқалаған айыппұл көлемі ашық көрсетілген. Ондағы мәліметке сүйенсек, бір адамға 78 640 теңге, тағы 3 адамға 39 320 теңге айыппұл салынған.
– Сонымен бірге аталған факті бойынша 2025 жылғы 27 наурызда Атырау қаласының Полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 372-бабымен (мемлекеттік рəміздерді қорлау) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қылмыстық іс шеңберінде тиісті сараптама тағайындалды. Одан бөлек сауалда көрсетілген уəждер тексеріледі. Олардың нəтижелері бойынша құқықтық баға беріліп, қылмыстық іс бойынша процестік шешім қабылданады, - деп жазады Берік Асылов.
Бас прокурор стандартқа сай емес Мемлекеттік Туларды сатқан маркетплейс сөреден ол өнімді алып тастағанын да жеткізді.
– Қылмыстық қудалау органымен «Ozon» маркетплейсінің Қазақстандағы өкілдігіне қылмыстық құқық бұзушылықтар жəне басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мəн-жайларды жою жөнiндегi ұсыну (Қылмыстық процестік кодекстің 200-бабының тəртібінде) қылмыстық іс шеңберінде жолданды. Нəтижесінде «Ozon» сайтынан жазуы бар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын сату туралы, сондай-ақ кез келген діни материалдарға қатысты барлық жарнама алынып тасталды, - делінген жауапта.
Еске салсақ, наурыз айында Атырау облысында арабша жазуы бар да мемлекеттік тумен фотоға түскендер ұсталған болатын.