Арал ауданында әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді - Қызылорда облысы

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Арал ауданында 12 тұрғын үй, 2 мектеп, 2 балабақша салтанатты түрде ашылып, оған облыс әкімі Қ.Көшербаев қатысты, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Арал ауданында әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді - Қызылорда облысы

«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында салынған 12 арендалық үй пайдалануға берілді. Жаңа баспана кілтін жас мемлекеттік қызметкерлер және жетім балалар иеленді.

- Ата-ананың жылы алақанын тағдырдың жазуымен сезінбей өскенімен, олардың мақтан тұтатын Отаны, елі бар. Сондықтан олардың жігерлері жасымай, үлкен өмірге қадам басулары үшін баспанамен қамтамасыз етіп отырмыз. Қоныс тойларыңыз құтты болсын! - деді облыс әкімі шара кезінде.

Сондай-ақ аудан орталығында 280 орындық және Мергенсай ауылдық округінде 90 орындық балабақша ашылды. Бөбекжайлар барлық талаптарға сай жасақталған.

- Қазір табиғи өсім - 4,7 пайыз. Республикада үздік үштіктеміз. Сондықтан әлеуметтік нысандарды салуды көбейтуіміз қажет. Бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мәселесін келер жылы шешетін боламыз, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Бөген және Бекбауыл ауылында 200 орындық мектеп пайдалануға берілді. Шалғайдағы ауылдардың басты мәселелерінің шешімі табылды. Жалпы, Арал ауданында 13 апатты мектеп бар болса, биыл соның 8-і қайта салынды. Қалғаны келер жылы жаңартылады.