Арал ауданының әкімі Аралқұм ауылында есеп берді - Қызылорда облысы
ҚЫЗЫЛОРДА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысы Арал ауданының әкімі Нәжмадин Мұсабаев аудан халқы алдында дәстүрлі есеп беруін жалғастырып,
кезекті кездесуін Аралқұм ауылдық округінде өткізді.
Аудан әкімі берекелі істерге толы барыс жылында атқарылған ауқымды жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті. Шынында да теңіз жағасындағы ауданда өткен жылы қолға алынған оңды істер жетерлік. Оның бірқатары осы Аралқұм ауылдық округіне де қатысты. Ауыл аумағында сапалы ауыз су мәселесі шешімін тапты. Ауылдағы телефон нүктелерінің саны едәуір артты. Аудан орталығымен арадағы жолаушылар көлігі қатынасы тұрақтанды.
Әкімнің есепті жиналысында округ тұрғындары сонымен қатар бірқатар өзекті мәселелердің ұшын шығарып, соларды оңынан шешіп беруге ықпал жасауды сұрады. Айталық, Шөміш ауылының тұрғыны Сағынай Сейілханов трассадан ауылға қарай бұрылатын жолды жөндеп беруді өтінсе, Мойнақ ауылының тұрғыны Аралбай Құрманбаев электр желісін жүргізуді ұсынды.
Жиналыс соңында аудан әкімі жазбаша және ауызша қойылған сұрақтарға тұшымды жауаптар қайтарды. Жиналғандар әкімнің жыл ішіндегі жұмысына қанағаттанарлық баға берді.