Арал теңізінде шабақтарды құтқару жұмыстары жүріп жатыр

ҚЫЗЫЛОРДА. 3 тамыз. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысындағы Арал теңізінің солтүстік бөлігінде шабақтарды құтқару жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Арал теңізінде шабақтарды құтқару жұмыстары жүріп жатыр

Дәлірегі, Кіші теңізде шашылған ұрықтан пайда болған майда шабақтардың Көкарал бөгеті арқылы Ұлы теңіз акваториясына өтіп кеткен бөліктерін ол жақтан шығару науқаны басталып кетті.

«Сырдарияның арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстігін сақтау» жобасының бірінші кезеңі нәтижесінде пайда болған Көкарал бөгеті арқылы жасалған Кіші теңіздегі, яғни Солтүстік Арал теңізіндегі судың тұздану деңгейі литріне 23 грамнан 13 грамға дейін азайды. Мүндағы судың ауқымы 15 текше шақырымнан 27 текше шақырымға дейін ұлғайды. Осының бәрі Арал теңізінің осы бөлігінің фаунасы мен флорасының жандана бастауына оң әсер етті. Бұл өз кезегінде аумағы 25-30 мың гектарды құрайтын көлдер жүйесінің қалпына келіп, балық шаруашылығының дами түсуіне мүмкіндік берді. Қазіргі күндері мұнда бағалы өндірістік балықтың 27 түрі ұрық шашып, көбейіп келеді.

Алайда, солардың басым бөлігі жыл сайын Көкарал плотинасы арқылы тұзы ащы Ұлы теңізге қарай өтіп кетіп, қырылып қалып жүр. Сол өзекті мәселе биыл да алдан шықты.

- Мұның бәріне кезінде Көкарал плотинасына балықтарды ұстап қалатын сүзгі-тордың салынбай қалғанынан болып тұр, - дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары Еркін Өтегенов. - Плотинадан төмен балықтың тіршілік етуіне мүмкіндік бермейтін құрдым жатыр. Көктемде Кіші Арал суға толған кезде Көкарал плотинасының қақпақтары ашылып, судың біраз бөлігі Ұлы теңізге жіберіле бастайды. Сол кезде балықтардың шағылысуы да басталады. Ал қақпақ жаңа пайда болған уылдырықтардың төменге қарай топырлап кетіп қалуына мүмкіндік жасайды. Одан өнген шабақтар тірі қалудың жолын іздеп, жоғары өрлеп, плотинаның қабырғасын соққылайды. Олардың бәрі осы жерде қырылып қалады.

Маманның айтуынша, биыл осы кезге дейін мұнда жарты миллиардтан астам шабақ осындай кепке ұшыраған. Зерттеушілер Ұлы теңіз аумағында әлі де 700-800 миллион шамалас шабақтардың бар екенін есептеп шығарған. Қазір балықшылар мен табиғат пайдаланушылар осы болашақ балықтарды құтқарып қалудың барлық қамдарын жасап жатыр. Олар Ұлы теңіз аумағынан бағалы балықтар шабақтарын шелекпен қарпып алып, арнайы цистерналарға салады. Содан соң автоцистерналар оларды Кіші теңіз аумағына апарып құяды.

Әлбетте, шабақтардың бәрін бірдей құтқарып қалу мүмкін емес. Дегенмен, мамандар олардың айтарлықтай бөлігін аман сақтап қалуға болатынына сенімді.