Аралда ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған шара өтті - Қызылорда облысы

Бұл туралы Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Дүрбелең дәуір кезінде аралдық Әбдірахман Махатов, Жұбаназар Бекенов, Нығмет Битенов пен Әбдіжәми Бектұрғановтар, сондай-ақ «Сартай» батыр дастанын жазып тарихта аты қалған даңғайыр ақын Нұрмағанбет Қосжанов та қуғын-сүргіннің құрбаны болып, Арал ауданы бойынша 27 шаруа ұсталып, жауапқа тартылды.
Ақтөбе округінің Ырғыз ауданында басталған «Сарбаздар көтерілісі» де Арал ауданын шарпып өтті. Нәубет жылдары Аралдағы үлкен көтеріліс қазіргі Қарақұм маңында болғаны баршаға белгілі. Осынау нәубет жылдарын еске алу жиыны қаладағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылған ескерткіштің жанында өтті. Жиналғандар саяси қуғын-сүргін құрбандарын, Алаш азаматтарын бір минут үнсіздікпен еске алды.
Аудан әкімінің орынбасары Қуаныш Жанұзақов: Бұл - тарихымыздың «ақтаңдағы» емес, дамыл-дамыл еске алар, еске алған сайын ертеңді ескертер ауыр жара. Бұл дүрбелең - мың миллион бейбақтар құрбан болған өткелсіз өткеніміздің құрдымы. Зобалаң дәуірдің зардаптары да Қазақстанға түсті. Талай батырларымыз бен ұлт қайраткерлері халқын бостандық таңына жеткізуді армандап, сол жолда жанын пида етті. Біз осы қиындық атаулыны бір ғана күшпен жеңдік, ол - тату-тәтті тірлігіміз бен бірлігіміз, - деді. Аудандық орталық мешіттің бас имамы Съезбек Евилханұлы бабалар рухына құран бағыштап, қазақ ұрпағының амандығын тіледі. Аудандағы барлық сала басшылары, мекеме ұжымдары вокзал маңындағы қасиетті тақтаны гүл шоқтарымен көмкерді.