Аралда ауланған қандай балық түрлері жиі экспортталады
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында биыл 6 айда 2 300 тонна балық ауланды.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, оның 93%-ы Кіші Арал теңізіне тиесілі.
— 1 808 тонна балық өнімі 12 шет мемлекетке экспортталды. Оның басым бөлігі — тыран, торта, алабұға, шортан, көксерке. Өңделген өнім түрлерінен көксерке сүбесі, тыран қанаттары, балық фаршы, балық сүбесі, мұздатылған балық және балық ұны көбірек жөнелтілді. Бүгінгі күні облыста 11 балық өңдеу зауыты жұмыс жасап тұр. Оның 4-еуінде Еуропалық одақ елдеріне экспорттау құқығын беретін «Еврокод» нөмірлері бар, — делінген хабарламада.
Биыл көл-тауарлы балық шаруашылықтары 2 765 тонна тауарлы балық өсіреді деп жоспарланып отыр. Бүгінде мұндай шаруашылықтар саны 80-ге жетіп отыр.
Ал Атырау облысында жыл басынан бері 5 530 тонна балық ауланып, оның 4 085 тоннаға жуығы шетел нарығына жөнелтілген.