Аралда кәріз құдығына құлаған түйе құтқарылды
АСТАНА. KAZINFORM – Қызылорда облысының Арал қаласында кәріз құдығына құлап кеткен түйені Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары аман алып шықты.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға жеке тұрғын үйдің ауласынан тыс орналасқан кәріз құдығында болған.
– Оқиға орнына жеткен ТЖМ қызметкерлері арнайы техника мен жабдықтың көмегімен түйені құдықтан сәтті шығарып алды, – делінген министрлік хабарламасында.
ТЖМ құтқарушылары кез келген төтенше жағдайға жедел әрекет етуге және қажет болған жағдайда адамдармен қатар жануарларға да көмек көрсетуге әрдайым дайын екенін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Бурабайда әлсіреп қалған елік құтқарылған болатын. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысындағы Солдат шығанағы маңында құтқарушылар қайықпен жағалауға өздігінен жете алмаған екі әйелге көмектескен еді.