Аралда теңіз үстінде үш рет үйлену тойын жасаған жұп тұрып жатыр

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысының Арал ауданында бұдан 56 жыл бұрын үйлену тойын теңіз үстінде жасаған жұбайлар тұрады. 

Аралда теңіз үстінде үш рет үйлену тойын жасаған жұп тұрып жатыр
Фото: Назерке Саниязова/Kazinform

Тамыры Аралдан бір сәтке де ажырамаған Шудабай Ілиясов пен Әзиза Аманованың тойы тарихта таспаланып қалды. Мұның себебін Шудабай ақсақал тарқатып айтып берді.

– Екеуміз аудандық мәдениет үйінің жолдамасымен 1967 жылы автоклубқа киномеханик болып келгенбіз. Таныстығымыз осы жерде басталды. Екі-үш жыл бір-бірімізді танып-біліп, арамызда махаббат сезімі оянғасын шешеміздің батасын алып, үйленуді ұйғардық. 1969 жылы 10 шілде – Балықшылар күнінде шаңырақ көтердік. Ертеңіне аудандық партия, атқару комитеттерінің басшылары бізді іздеп жатқанын естідік. Сөйтсек, режиссер Ораз Әбішев теңіз балықшылардың өмірі мен ерлігіне арнап «Бір хаттың ізімен» атты деректі фильм түсірмекші екен. Соған енді отау құратын жастарды іздей келе таңдау бізге түсіпті. Бірақ екеуміздің тойымыз кеше өтіп кеткен. Содан екінші рет сол фильм үшін қайтадан жар-жар айтып, беташар жасауға тура келді, - деді Шудабай Ілиясов. 

Шудабай Ілиясов
Фото: Назерке Саниязова/Kazinform

Арал балықшыларының қиын-қыстау заманда аштықтан зардап шеккен Еділ аумағының тұрғындарына 14 вагон балық жолдап, миллиондаған адамды аштықтан сақтап қалғаны белгілі. 

– Бұл фильм Лениннің ашаршылық кезінде Арал балықшыларынан көмек сұрап жазған хаты негізінде түсірілген еді. Онда сол кездегі атакәсіп иелерінің салт-дәстүрін толық көрсету керек болды. Бағымызға орай оған бізді де түсіріп, өміріміздегі ерекше кезең тарихи сәт болып мәңгілікке қалды, - деді Әзиза Аманова. 

Әзиза Аманова
Фото: Назерке Саниязова/Kazinform

Ең қызығы, ерлі-зайыптылардың үйлену тойы бір емес, теңіз үстінде үш рет өткен. 

– Түсірілімді аяқтағасын режиссер бастаған топ қайтып кеткен болатын. Тәуір дүне шықты ғой деп ойладық. Алайда арада ай өтпей қайтадан Аралға келді. «Не болды?» десек, көркемдік кеңес түсірілім тобының дарбазаны кілеммен жаппағанын кемшілік деп есептеп, жұмысын қайтарып жіберіпті. Сонымен аяқасты кілем іздеп жөнімізге кеттік. Үшінші рет той рәсімдерін өткізіп, солай шала бүлінгеніміз бар, - деді Шудабай ақсақал. 

Бүгінде екеуі қарттыққа бірге жетіп, бес перзенттен немере-жиен сүйіп, солардың қызығын көріп отыр. 

Бұған дейін біз қызылордалық ерекше жұп Нұрмұхамед Әбілқасымов пен Әйгерім Нұрланованың қалай шаңырақ көтергенін жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар