Аралды құтқару: су саласындағы дипломатия, ғылыми зерттеулер қандай нәтиже беріп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Аралды құтқару бағытында жетістіктер бар ма? Трансшекаралық өзендерді пайдалануға қатысты көршілес елдермен келіссөздер қандай нәтиже берді? Бұл сұрақтарға Су ресурстары және ирригация министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары Данияр Шәріп жауап берді.

— Су ресурстары және ирригация министрлігі көршілес мемлекеттермен трансшекаралық су айдындарын пайдалану мәселесі бойынша 28 іс-шара өткізді. Осының нәтижесінде, мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының 86-шы отырысында суару маусымы кезінде Аралға 997 млн текше метр су жіберу жөнінде келісімге келген болатын. Осының нәтижесінде, бүгінгі таңда Солтүстік Арал теңізінің су көлемі 22 млрд текше метрге жетті. Салыстырмалы түрде айтсақ, теңізге осыған дейін вегетация кезінде секундына 7-10 текше метр су жіберілген болса, биыл секундына 60-70 текше метр су жіберілді. Көрсеткіш 10 есеге артық. Бұл деңгей жоспарланған көлемнің 98 пайызына жетті, — деп түсіндірді Д. Шәріп Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Айта кету керек, кейінгі бірнеше жылда суару маусымында Аралға 350-400 млн текше метрдің айналасында ғана су жіберіліп келген болатын. Ал, жыл басынан бері Аралға 2 млрд текше метрден астам су түсті. Министрлік жыл соңына дейін тағы 500 млн текше метр су жіберуді жоспарлап отыр.

— Арал теңізінің көлемін 22 млрд текше шақырымға дейін жеткізуге негізгі 3 фактор әсер етті. Бұл тұрғыда су дипломатиясы, талдау және зерттеу жүргізу арқылы су жіберу көлемін қайта бөлу, сондай-ақ шаруалардың су үнемдейтін технологияларды енгізуі оң нәтижесін берді. Аралдан бөлек, биыл алғаш рет суару кезеңінде теңіз маңындағы Ақшатау-Сорғақ және Қамыстыбас көлдер жүйесіне 45 млн текше метрден астам су жіберілді. Бұл балық шаруашылығы мен туризімді дамытуға тиімді әсер етіп отыр. Мәселен, соңғы жылдары Арал теңізінің минерализациясы азайып, балықтың көбейуіне жақсы ықпал етіп жатыр. Атап айтқанда, теңіз тартылғаннан бері жергілікті балықшылар жылына 400 тонна ғана балық ауласа, қазір 7,5-8 мың тоннаға дейін балық аулайды, — дейді маман.

Сонымен қатар, Су ресурстары және ирригация министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп Солтүстік Арал теңізін сақтау жөніндегі бағдарламаның екінші кезеңінің жобасын әзірлеп жатыр, ол тұрақты сумен қамтамасыз етуге, экономикалық және әлеуметтік бастамаларды дамытуға бағытталады.
Трансшекаралық өзендерді пайдалану
Су және ирригация министрлігі құрылған күннен бастап көрші елдермен дипломатиялық қатынастар нығайғанын атап өту маңызды. Су дипломатиясының және көршілерімізбен бірлескен жұмыстың арқасында министрлік Қазақстанның оңтүстік өңірлерін қажет су мөлшерімен қамтамасыз ете алды.
Данияр Шәріптің сөзіне қарағанда, осы суару маусымында көрші елдерден келетін судың көлемі бастапқыда ескерілген көлемнен артық болды. Құрғақшылық туралы көптеген болжамдарға қарамастан, су тапшылығын болдырмай, шаруаларды сумен қамтамасыз етуге қол жеткізді.

— Суару маусымында шаруаларға шамамен 11 миллиард текше метр су берілді — бұл триллион литр. Мысалы, бүгінде Тәжікстаннан «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы 565,2 млн текше метр су келіп түсті. Өзбекстан өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп су берді. Шардара су қоймасына 4,7 млрд текше метрден астам су түсті. Осы суару кезеңінде Қырғызстаннан Талас өзені бойынша 419 млн текше метр және Шу өзені бойынша 165,4 млн текше метр су түсті. 2023 жылы Талас өзеніне 323,8 млн текше метр су, ал Шу өзеніне 133,5 млн текше метр су түскен болатын. Тұрақты түрде көршілес елдердің өкілдерімен кездесулер өткізіледі. Мәселен, қараша айында министр Нұржан Нұржігітов Мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының (ВАК) 87-ші отырысына қатысты. Кездесу Ашхабадта (Түрікменстан) өтті. Оған Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан су ведомстволарының басшылары қатысты. Қырғыз тарапы бақылаушы ретінде әрекет етті. Осылайша, 1 сәуірге дейін Шардара су қоймасына 11 млрд текше метр су түседі деп күтілуде. Бұл елдің оңтүстік бөлігінде 2025 жылғы суару маусымы үшін қажет су көлемін жинауға мүмкіндік береді, — деді ведомство өкілі.
Бұдан бөлек, жыл басынан бері Қапшағай су қоймасынан Іле өзені арқылы Балқаш көліне 13,5 миллиард текше метр су жіберілді. Нәтижесінде, орташа көлдегі су деңгейі Балтық жүйесі бойынша 341,60 м-ге жетті. Балқаш көліндегі судың шамамен 70%-ы трансшекаралық Іле өзенінің есебінен қалыптасады.

Д. Шәріптің айтуынша, биыл Қытаймен шекарадағы Добын су бекетіндегі орташа су ағыны секундына 384 текше метрді құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 17% — ға артық.
— Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық өзендерді бөлу жөніндегі үкіметаралық келісімнің жобасын әзірлеп жатыр. Келісімнің негізгі мақсаты − Балқаш көлін оңтайлы деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік беретін су көлемінің түсуін қамтамасыз ету. Келіссөздер нәтижесінде бойынша биыл Қапшағай су қоймасында соңғы 10 жылда алғаш рет 18 млрд текше метрден астам су жиналып, 100% — ға толтырылды. Сондай-ақ, келіссөздердің арқасында жыл басынан бері Жайық өзені арқылы Каспий теңізіне 16,7 млрд текше метр су жіберілді. Жайық өзенінің орташа көпжылдық ағыны 9,46 текше шақырымды құрайды. Алайда, биылғы жылы су көлемі орташа жылдық нормадан асып түсті. Айта кетейік, өзен ағыны Ресейдегі Ириклин су қоймасынан жіберілген су көлеміне байланысты қалыптасады, — дейді маман.
Еске салсақ, 2021 жылы Мемлекет басшысы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында 2025 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған түбінде сексеуіл екпелерін отырғызу жолымен жалпы ауданы 1,1 млн га орман мелиорациялық жұмыстарды жүргізу міндетін қойды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының астанасында өтіп жатқан One Water саммитінің ашылу салтанатында сөз сөйледі.
Осы ретте Қазақстан Президенті су қауіпсіздігі орнықты дамудың, экономикалық өрлеудің және қоршаған ортаны қорғаудың негізі болып саналатынын атап өтті.
Мемлекет басшысы су тапшылығы азық-түлік және энергетика қауіпсіздігіне, өнеркәсіп өсіміне қауіп төндіретінін айтты. Оның пікірінше, ауыл шаруашылығындағы су үнемдеуге және энергияның жаңартылатын көздерін дамытуға салған стратегиялық инвестициялар экономика тұрақтылығын арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға қысымды төмендетеді.
— Суда шекара болмайды. Ол қоғамдастықтар мен экожүйелерді байланыстырады. Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы ретінде аймақтық ынтымақтастық пен бірлескен іс-қимылдың ілгерілеуіне қолдау көрсетеді, — деді Президент.