Аралдың табанына егілген сексеуілдің қанша пайызы қурап кетеді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы Үкіметке бес жыл ішінде ел аумағында 2 млрд ағаш отырғызу міндетін жүктеді. Одан бөлек, Арал теңізінің табанына егілетін сексеуіл алқабын осы уақыт ішінде 1,1 млн гектарға жеткізу жоспарланған. Kazinform тілшісі Президент тапсырмасының орындалу барысын зерттеп көрді.

сексеуіл
Фото: Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегіне сенсек, Арал теңізінің құрғаған табанының жалпы ауданы — 6 млн гектар шамасында. Оның 2,8 млн гектары Қазақстанға тиесілі.

1993-2001 жылдар аралығында 54 795 гектар жерге орман мелиорация көшеттері егілген. 2021 жылға дейін бұл көрсеткіш 188 825 гектарға жетті. 

Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің хабарлауынша, 2021 жылы құрғаған теңіз табанының су қоры аумағынан 500 мың гектар жер алынып, мемлекеттік орман қоры есебіне қосылған. 

а
Фото: Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты

— Өткен жылы 302 032 гектар жер қосылып, Арал орман мекемесінің жалпы аумағы 1 376 119 гектар болды. Қазіргі уақытта 1,1 миллион гектар алқаптың 790 930 гектары бойынша жоспар орындалды, — деді мекеме директорының орынбасары Медет Нұрланов.

Қызылорда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне сүйенсек, облыс аумағындағы мемлекеттік орман қоры жерінің жалпы көлемі — 7,3 млн гектар. Оның 3,8 миллионы — орманды алқап. 

а
Фото: Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты

— Биыл Арал теңізінің құрғаған табанындағы 100 гектар жерге фитоорман мелиорациялық жұмыс жоспарланды Оның ішінде 15 мың гектар жерге сексеуіл көшеті отырғызылып, 85 мың гектар жерге галофитті тұқымдар себіледі, — деді басқарма басшысының орынбасары Қайрат Жансұлтанұлы. 

Ғалымдар Президент тапсырмасымен қолға алынған бастама еліміздің орман алқабын қалпына келтіріп қана қоймай, экологиялық тепе-теңдікті сақтау, климаттық өзгерістердің теріс әсерін азайту, шөлейттену мен топырақ деградациясының алдын алу бағытындағы маңызды қадам деп есептейді.

Арал теңізі түбінің қазақстандық бөлігі Өзбекстан аумағына қарағанда тұзды. Сондықтан орман мелиорация жұмыстары ғылыми ұсыным негізінде жүргізіледі. Сексеуіл шығымын арттырудың бірден-бір жолы — осы. 

— Соңғы жылдары орман зиянкестері мен инфекциялық аурулар орман ресурсына айтарлықтай қауіп төндіріп отыр. Бұл мәселелер орман экожүйесінің тұрақтылығына, көшеттердің тіршілікке қабілеттілігіне және орманды қалпына келтіру шараларының тиімділігіне теріс әсер етеді. Осыған байланысты еліміздің орман байлығын ұлғайту жөніндегі ауқымды жоспарларды тиімді іске асыру үшін орманды қорғау мен фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету — стратегиялық маңызды және өзекті міндет. Бұл бағытта ғылыми зерттеу ұйымдары, салалық мекемелер мен тәжірибелі мамандар өзара тығыз әрекет етуі қажет, — деді Алматыдағы Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының директоры Бақытжан Дүйсембеков. 

 сексеуіл
Фото: Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты

Институт ғалымдары өткен жылы Қызылорда облысындағы сексеуілдің тұқымдық тұрақты тәлімбақтарында егілген біржылдық бұталы өсімдікке мониторинг жүргізді.

Мониторинг барысында Қызылорда, Арал, Қазалы тәлімбақтарында егілген тұқымның 30-40 пайызы, Қармақшыда — 30 пайызы ғана өніп шыққаны анықталды. Көшеттер зиянкестердің кесірінен қурап кеткен. 

Қызылорда, Арал, Қазалы тәлімбақтарындағы галлицалар (сecidomyiidae stefanio deformans Marik) тұқымдасымен 5-10 пайызы, Қармақшы тәлімбағындағы көшеттерде 80-90 пайызы зақымдалған. 

— Мамандарымыз теңіз деңгейінен 65 метр тереңде орналасқан Арал теңізінің құрғаған табанын орманға айналдыру мақсатында егілген қара сексеуіл алқабын зерттеді. 5, 10, 15 жылдық екпелерде галлицалар тұқымдасы қыстау фазасына кеткені анықталды. 2021 жылғы екпелерді толығымен сорғыш зиянкестер зақымдап, өсуін тоқтатқан. Зиянкестерге қарсы ешқандай күрес шаралары жоспарланбаған. Бұл жөнінде қорытынды жазылып, министрлікке жолданды. Сексеуіл тұқымдарына фитосараптама жүргізіліп, оларды екпес бұрын сауықтыру мақсатында зертханалық тәжірибелер жасалып, тиімді нұсқалар жөнінде ұсыныстар әзірленді, — деді Бақытжан Дүйсембеков.

сексеуіл
Фото: Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты

Институт басшысы атап өткендей, елімізде сексеуіл тұқымын себу, оның өсуін қамтамасыз ету және көшеттерін күтудің ғылымға негізделген агротехникалық әдістері бойынша кешенді әрі жүйелі тәжірибелік зерттеу жоқтың қасы.

Ғылыми зерттеу барысында еліміздің әртүрлі өңіріндегі орман шаруашылықтарынан (тәлімбақтардан) алынған ағаш тұқымдарының басым бөлігі зертханалық және танаптық жағдайда егілген кезде өну деңгейі өте төмен болатыны анықталды.

Өсіп шыққанның өзінде көпшілігі түрлі ауруға шалдығып, тіршілікке бейімделе алмайды. 

— Өйткені тұқымдар құрамында фитопатогендер кешені, оның ішінде саңырауқұлақ, бактерия, вирустар кездесетіні ғылыми дәлелденді. Бұл жағдайлар екпе материалдарының сапасын төмендетіп қана қоймай, орманды қалпына келтіру және орман экожүйелерінің тұрақтылығын арттыру жұмысына тікелей кері әсерін тигізеді. Арал теңізінің құрғаған ұлтанында сексеуілді қайта қалпына келтіру жұмыстары жоғары фитосанитариялық сапалы екпе материалдарын қажет етеді. Бұл өз кезегінде тек ғылыми негізделген алдын ала өңдеулер мен мониторинг нәтижесіне қарай жүзеге асырылады, — деді институт басшысы. 

а
Фото: Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты

Ғалымдар теңіз табанының тозған бөлігін кешенді түрде қалпына келтірудің бірнеше жолын ұсынып отыр. 

Бірінші — орман патологиялық және фитосанитариялық мониторинг жүргізу, яғни сексеуіл тәлімбақтарында зиянды организмдердің түрлік құрамын анықтау, сондай-ақ сексеуілге зиян келтіретін зиянкестер мен патогендердің таралу ошақтарын бағалау. 

Екінші — сексеуіл тұқымдарының фитосанитариялық сараптамасы, яғни заманауи полимеразды тізбекті реакция әдістерін қолдану арқылы тұқым материалдары мен көшеттердегі саңырауқұлақ және бактериялық инфекциялардың қоздырғыштарын түрлік деңгейде сәйкестендіру.

Үшінші — NDVI түсірілімін жүргізу. Ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы өсімдіктердің физиологиялық жағдайын бағалауға болады.

а
Фото: Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты

Төртінші — сексеуіл тұқымдары мен көшеттерін фитопатогендер мен зиянкестерден сауықтыруға бағытталған биологиялық белсенді препараттар құрамын әзірлеу. 

Бесінші — далалық эксперименттік зерттеу жүргізу.

Соңғысы — пестицидтер мен биопрепараттарды сынау, яғни препараттардың тиімділігін зертханалық және далалық жағдайда сынақтан өткізу.

Ғалымдар ғылыми жобаларды қолдағанда ғана, өндіріс пен ғылымның өзара үйлесім тапқанда ғана нақты және жоғары нәтижеге қол жеткізуге болатынын айтып отыр. 

сексеуіл
Фото: Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты

Еске салайық, биыл Арал теңізінің құрғаған ұлтанына дронмен сексеуіл тұқымы себіле бастады

Соңғы жаңалықтар