Әрбір ауылға қуғын-сүргін, ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш орнату керек - Айман Зейнуллина

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарлық ғалымдар Қазақстанның әрбір ауылына саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш орнатып, Алаш зиялылары сериясымен энциклопедия құрастыруды ұсынды. 

Әрбір ауылға қуғын-сүргін, ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш орнату керек - Айман Зейнуллина

Бұл туралы бүгін филология ғылымдарының кандидаты,  С.Торайғыров атындағы ПМУ қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі Айман Зейнуллина бүгін «Достық» үйінде өткен «Саяси қуғын сүргін және Ертіс Павлодар өңіріне халықтардың күштеп қоныс аударылуы» тақырыбында өткен «дөңгелек үстелде» айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .

«Кейбір деректерде қуғын-сүргін оқиғасы бес-он жылмен ғана өлшеніп жүр. Негізі олай емес. Қуғын-сүргін 1916 жылғы Ұлт азаттық көтерілістен басталды», - дейді Айман Зейнуллина. - Кеңестік жүйенің жоспары бойынша қазақ ұлтын жою бағдарламасы  ресми түрде 1961 жылы аяқталуы керек болды және сол жоспар жүзеге асырылды. Одан кейін 1970-80 жылдары мысық пиғылмен жымысқы түрде ғана жүргізіліп отырды. Кезінде қазақты құрту үшін бес үлкен бағдарлама жасалыпты. Соның бірі - тектілікті құрту. Яғни, ел арасында Ислам дінін уағыздаушы діндарларды, ишандар мен молдалардың көзін жою болды. Өйткені, қазақ болмысынан дін мен ділге ерекше қарап, Алланың жолымен жүрген халық. Діннен айырылса бұл ұлт өзінен өзі жойылып кететінін білді. Әсіресе, еліміздің оңтүстік өңірлерінде қандай діндар адамдар бар деген мәліметтерді КСРО-ның ішкі істер комиссариатына жинаған екен. Сонда шамамен бір мыңға тарта ишан хазіреттің тізімі жасалыпты. Оның арасында Шымкент өңіріндегі Әппақ ишанның, біздің өңірде болған Мәшһүр Жүсіп, Исабек Ишан секілді діндарларымыздың туыстары мен ұрпақтары болды. Міне осы ақпаратты алған жоғарғы билік тез арада олардың көзін құрту керек деген тапсырма беріп, оны жүйелі түрде жүзеге асырды. Енді мұнда айтылған әңгімелер мен жасалған баяндамалар осы кішкентай аудиторияда ғана қалып қоймауы керек. Әрбір ауылда қуғын-сүргінге, ашаршылыққа,  репрессияға ұшыраған адамдарға арналған ескеркіштер орнату керек. Оны орнатып қана қоймай, жастардың рухын оятатын сөздер жазылса. Екінші, еліміздің барлық облыстарынан қуғын-сүргінге ұшыраған есімдерді анықтап, Алаш зиялылары сериясымен көп томдық энциклопедия шығаруды қолға алған дұрыс. Мұны бүгін біз істемесек, ертеңгі ұрпақ сол ата-бабаларымызды ұмытып кетеді. Үшінші, әр облыста қуғын-сүргін құрбандарының құжаттарын сақтайтын мұражай ашу керек. Сонымен қатар, қысқаша деректі фильмдер түсіріп, мақалалар, өлеңдер және прозалық шығармалар жазу керек. Осы үш мәселені бүгіннен бастап қолға алмасақ, ертең кеш болады.

«Дөңгелек үстелге» 1930 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысынан Павлодар өңіріне жер аударылып, осында дүниеден өткен белгілі дін таратушы ұстаз болған Әппақ ишанның ұрпақтары да келіпті. Құрбанəли ишан Ахметов бастап келген делегация аталары Әппақ ишанның басына арнайы барып, құран бағыштап қайтты. - Атамыз Әппақ ишан 1864 жылы Шымкенттің Шаян деген ауылында дүниеге келген. 1930 жылы ұсталып, осы жаққа жер аударылды. Үш жылдай түрмеде жатып, 1933 жылы қайтыс болған. Дүниеден өткен кезде бірге жатқан адамдарының барлығы түрменің бастығынан сұранып шығып, жерлеу рәсімін жасаған екен. Бұған дейін 2015 жылы келіп, басына тас орнатқанбыз. Атамыздың басына екі-үш жылда бір келіп, Құран бағыштап тұрамыз. Ол кісіден тараған ұрпақтарының барлығы дін жолымен жүреді,  - дейді Құрбанəли ишан Ахметов.

 Шараға елімізге белгілі дінтанушылар - Досай Кенжетай, Мұхан Исахан, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлел, жазушы Кәмел Жүсіптегі сынды тағы да бірқатар ғалымдар азаматтар, ашаршылық,  қуғын-сүргін және Алаш зиялылары тақырыбында баяндама жасады.