Ардагерлер туралы заң барлық құқықтық кемшіліктердің орнын толтырады - депутат

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ардагерлер туралы» Заңның қабылдануы осы саладағы барлық құқықтық әрі әлеуметтік кемшіліктердің орнын толтыруға мүміндік берді. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Мемлекет басшысы қол қойған «Ардагерлер туралы» Заңды Парламент Мәжілісі мен Сенаты қысқа мерзімде талқылап шықты. Атап айтқанда, бұл заңды ел халқы көптен күтті. Осы орайда ардагерлерге қатысты барлық құқықтық әрі әлеуметтік кемшіліктердің орнын толтыруға мүмкіндік беріліп отыр», - деді депутат.

Оның айтуынша, қоғамда ардагер - ол тек Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері деген түсінік қалыптасқан. Шын мәнінде, ардагерлер санаты айтарлықтай кең сипатқа ие. Бұл тұрғыда Ауған соғысы ардагерлері, чернобыльдіктер және басқаларын қамтуға болады.

«Бұл адамдар әскери қызметі немесе төтенше жағдай кезінде мемлекет мүддесі үшін қандай да бір қиындықтарға тап болып, соны лайықты түрде еңсерді», - деді П. Казанцев.

Осы орайда ол заңда ардагерлерге тиесілі жеңілдіктер және осы жеңілдіктердің рәсімдері нақтыланғанын атап өтті.

«Бұл құжаттың қабылдануын ардагерлер қоғамдастығы күтті. Әлеуметтік саясатты күшейту бойынша Мемлекет басшысы бастамашылық еткен ұсыныстар аясында біз қажетті қадамдар жасап, осындай заң жобасын әзірледік. Сондықтан осы мейрам қарсаңында қабылданған аталған заңды маңызды деп білемін», - деді Павел Казанцев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 30 сәуір күні Парламент Сенатының жалпы отырысында «Ардагерлер туралы» Заңы қабылданды.

Заң жобасының негізгі мақсаты – ардагерлерді әлеуметтік қорғауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнамалық актілерді жүйелеу, қайта қарау және ардагерлердің жаңа санаттарын қалыптастыру.

Сонымен қатар, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе Заң екі оқылымда қаралып, қабылданды.


Соңғы жаңалықтар