Архив ұйымдастырған байқау: оқушылар ата-бабаларының тарихын жаңғыртты

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада «Менің отбасымның тарихы» оқушылар конкурсының үздіктері анықталды. Астана мен Алматының жас зерттеушілері архивтік жобаларымен көзге түсті.

Астанада «Менің отбасымның тарихы» оқушылар конкурсының үздіктері анықталды
Фото: ҚР Президентінің Архиві

11 желтоқсанда ҚР Президентінің Архивінде «Менің отбасымның тарихы архив құжаттарында» мектеп оқушыларына арналған жыл сайынғы оқу-зерттеу жобалары конкурсының қорытынды кезеңі өтті. Былтыр 42 бала бақ сынаған бұл байқауға биыл қызығушылық бірнеше есе артып өтінімдер саны 154-ке жетті. Солардың ішінде мазмұны терең, дерегі тиянақты 104 жұмыс іріктеліп, Астанадан 43, Алматыдан 61 оқушы өз жобаларын қорғады.

Астанада «Менің отбасымның тарихы» оқушылар конкурсының үздіктері анықталды
Фото: ҚР Президентінің Архиві

Биыл конкурс 10 қыркүйекте басталды. Ұйымдастырушылар қатысушыларға арнайы тақырыптар тізімін ұсынып қана қоймай, өз қалауы бойынша бағыт таңдауға да еркіндік берді. Бұл қадам балалардың қызығушылығын арттырып, отбасы тарихын жаңа қырынан зерттеуге ынталандырды.

Астанада «Менің отбасымның тарихы» оқушылар конкурсының үздіктері анықталды
Фото: ҚР Президентінің Архиві

Өтінімдер 10 қазанға дейін қабылданып, жобалар 15 қарашаға дейін жолдады. 1 желтоқсанға дейін комиссия жұмыстарды қарап, 11 желтоқсанда үздік зерттеулер әділқазы алдында қорғалды.

Марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина бұл шараның соңғы жылдары айтарлықтай дамып, оқушылардың зерттеу жазуға қызығушылықтары артқанын атап өтті.

Астанада «Менің отбасымның тарихы» оқушылар конкурсының үздіктері анықталды
Фото: ҚР Президентінің Архиві

— Архив бұл байқауды төртінші рет ұйымдастырып отыр. Биыл алғаш рет елордада өткізіліп отырса да, қатысушылардың көптігі көңіл қуантады. Бүгін үздік жұмыстар анықталды, бірақ ешкім жеңілген жоқ. Себебі әр қатысушы өз отбасының шежіресін зерттей отырып, туған жері мен ел тарихын тереңірек таныды деп ойлаймын. Ізденіске, талдауға деген осы қызығушылықтарыңыз одан әрі арта түссін, — деді ол.

Сондай-ақ директор мұғалімдерге тақырыпты таңдаудан бастап архив материалдарын талдауға дейінгі еңбектеріне алғысын жеткізді.

2022 жылдан бері өткізіліп келе жатқан конкурсқа барлығы 416 бала қатысты. Байқауға Астана және Алматы қалаларындағы 8–11 сынып оқушылары сегіз түрлі бағыт бойынша жұмыстар ұсынды. Зерттеу тақырыптары да алуан түрлі болды: соғыс жылдарындағы ата-бабаларының ерлік жолдары, репрессия құрбандарының тағдыры және отбасылық архивтегі деректерді зерделеу сияқты маңызды тарихи бағыттарды қамтыды.

Зерттеу жұмыстарының бірі — Астана қаласы № 73 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Әмина Ермекқызының атасы Жомартов Аушанның өміріне арналған.

Астанада «Менің отбасымның тарихы» оқушылар конкурсының үздіктері анықталды
Фото: ҚР Президентінің Архиві

— Бұл жоба менің атам Жомартов Аушанның өмірі мен Ұлы Отан соғысындағы ерлік жолына арналды. Зерделеу барысында ауызша естеліктермен қатар, Белорусьтегі архив құжаттары, «Подвиг народа» сайты және Мәскеудің Орталық мемлекеттік архивіндегі материалдарға сүйендім. Атам 1905 жылы Семей облысы Мақаншы ауданынан майданға аттанып, Белорусь майданында минометші болған. Жауға қарсы шайқаста аяғынан айырылса да, ерлік көрсетіп, 1943 жылы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Бұл тек деректер ғана емес, отбасымыздың жүрегінде сақталған ерлікті көрсетеді, — деді жас зерттеуші.

Конкурсқа шығармашылық тұрғыдан ерекшеленген қатысушылар да болды. Мәселен, Бибігүл Төлегенова атындағы креативті мектептің оқушысы Лия Мұқатаева атасы Нұрмұхатайдың өмір жолын комикс жанрында әзірледі.

Астанада «Менің отбасымның тарихы» оқушылар конкурсының үздіктері анықталды
Фото: ҚР Президентінің Архиві

— Жоба барысында жасөспірімдерді тек мәтін арқылы қызықтыру оңай емес екенін түсіндім. Сондықтан қазіргі жастарға жақын комикс форматын таңдадым. Атамның өмірбаянын отбасылық архивпен қатар, Орталық мемлекеттік архив құжаттарына сүйене отырып зерттедім. Архив материалдарымен жұмыс істеу мен үшін алғашқы тәжірибе болды, — деді ол.

Іс-шара Астана қаласы Әкімдігінің «Астана дарыны», Алматы қаласы Әкімдігінің «Алматы дарыны» орталықтарының және «Атамұра» баспасының қолдауымен ҚР Президенті Архивінің ұйымдастыруымен өтті. Қатысушылардың жұмыстарын кәсіби қазылар алқасы бағалады. Оның құрамына ҚР Президенті Архивінің мамандары, тарих, архивтану және қоғамтану пәндерінің оқытушылары, сондай-ақ ғылыми қауымдастық өкілдері кірді. Бағалау барысында тарихи дәлдік, дереккөздердің негізділігі, архив материалдарын қолдану және ғылыми стиль талаптарының сақталуы басты назарда болды.

— Биылғы жұмыстардың деңгейі әртүрлі болғанымен, оқушылардың қызығушылығы мен ізденісі бізді ерекше қуантты. Қазылар алқасына тың тақырыптар да ұсынылды. Балалардың құжаттармен жұмыс істегені анық көрінді. Жобаның негізгі мақсаты — балалардың архив ісіне қызығушылығын арттыру, бұл міндет өз деңгейінде орындалды деп есептеймін, — деді қазылар алқасының мүшесі, Ұлттық Құрылтай мүшесі Қайсар Тұрсынғожаев.

Астана бойынша:

1-орынды Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM School мектеп-лицейінің оқушысы Кәдірбек Мұхит,

2-орынды № 75 мектеп-гимназияның оқушысы Пугоева Ясмина және № 82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің оқушысы Артықбай Әмина,

3-орынды Ыбырай Алтынсарин атындағы BINOM School оқушысы Баширова Аида, Бибігүл Төлегенова атындағы креативті мектептің оқушысы Айана Игисинова және № 67 гимназия оқушысы Серікбай Айгерім иеленді.

Астанада «Менің отбасымның тарихы» оқушылар конкурсының үздіктері анықталды
Фото: ҚР Президентінің Архиві

Жеңімпаз Кәдірбек Мұхит бұл зерттеу үлкен жаңалыққа толы болғанын атап өтті.

Астанада «Менің отбасымның тарихы» оқушылар конкурсының үздіктері анықталды
Фото: ҚР Президентінің Архиві

— Ұлы Отан соғысының ардагері Халел Оспанұлының құжаттары мен соғыс жылдары жазған өлең-хаттарын зерттеу арқылы өз отбасы тарихының ғана емес, ел тарихының маңызды кезеңдерін де көрсетуге тырыстым. Павлодар облыстық Архивінен атаның жеке іс-қағаздарын тауып, отбасында сақталған естелік хаттарын оқып, оларды жүйелеп жазып шықтым. Бұл жұмысты жазу арқылы әрбір құжат өткеннің үнін бүгінге жеткізетін қымбат дерек екенін түсіндім, — деді жеңімпаз Кәдірбек Мұхит.

Астанада «Менің отбасымның тарихы» оқушылар конкурсының үздіктері анықталды
Фото: ҚР Президентінің Архиві

Алматыда:

1-орынды Ы.Алтынсарин атындағы № 159 гимназия оқушысы Жәнібек Әлижан,

2-орынды № 111 гимназияның оқушысы Васильченко Прасковья мен № 159 гимназия оқушысы Әльтаир Ихсанғалиев,

ал 3-орынды № 34 гимназия оқушысы Виктория Заяшникова, Махатма Ганди атындағы № 92 мамандандырылған лицейінің оқушысы Алтай Халифаәли және № 141 мектептің оқушысы Айя Серік жеңіп алды.

Астанада «Менің отбасымның тарихы» оқушылар конкурсының үздіктері анықталды
Фото: ҚР Президентінің Архиві

Марапаттау рәсімінде жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталып, барлық қатысушыға сертификаттар берілді.

Бұдан бұрын халықаралық ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздарына мемлекеттік сыйақы тағайындалатынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар