Әріптестерінің пышақтасуының кесірінен 150-ден астам полиция қызметкері жазаланды

Жамбыл облысының прокуроры Ибрагим Имановтың дерегінше, ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, Жамбыл облыстық ІІД материалдық-техникалық қамтамасыз етуге бөлінген қаржының 69 пайызын игермеген.
«Ішкі істер департаментінің жұмысына жүргізілген сараптаманың қорытындысында бюджеттен материалдық-техникалық құрал-жабдық сатып алуға бөлінген 1,3 миллиард теңгенің 20 қазандағы жағдай бойынша 900 млн теңгесі игерілмеген. Сонымен қатар облыс әкімдігі жанындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және құқықтық тәртіпті қамтамасыз комиссиясы мен облыстық үйлестіру кеңесінің бірлескен отырысында талқыланған заңнамала талаптары мен өзге де бұзушылықтар анықталды. Статистикаға сәйкес қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың 60 пайызы облыс орталығында болады. Ауылдық жерлерде мал ұрлығы өршіп тұр, ауыл қылмыстары да орын алуда», - деді ол.
Осы ретте облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев жамбылдық құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуымен болған бірқатар ауыр қылмыстарға назар аударды.
«Балық басынан шіриді. Барлығы да Сіздерден басталады. Үмбетәлиевке қатысты жайтты естеріңізге алыңыздар. Қатардағы сержант мұндай деректер болып жатқан кезде Сіздерден қалай үлгі алмақ? Қарапайым сержанттан полковник шеніне дейін өсті. Олардың әрқайсысы 25-30 жылдан жұмыс істеді. Кадрлық офицерлер қолына пышақ алып, пышақтасып жатады. Осы үшін 152 адам жазаланып, екі орынбасар қызметінен қуылды. Біз қайда бара жатырмыз? Мына отырған аудандық ішкі істер бөлімінің бастықтары, қатардағы полция қызметкерлері орталық аппаратта осындай бейберекетсіздік орын алып жатқанда кімнен үлгі алмақ?», - деді Жамбыл облысының әкімі.