Арменияда экс-президент Саргсянның шетелге шығуына қатысты салынған тыйым күшін жойды

АСТАНА. KAZINFORM – Арменияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы соты бұрынғы президент Серж Саргсянның шет мемлекетке шығуына салынған тыйымды алып тастады. Бірақ оның 30 миллион драм (шамамен 75 мың доллар) көлеміндегі кепілін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі армяндық БАҚ-қа сілтеме жасап.

Арменияда экс-президент Саргсянның шетелге шығуына қатысты салынған тыйым күшін жойды
Фото: ТАСС

Бұрынғы президенттің адвокаты Амрам Макинянның айтуынша, сапарға қойылған шектеулер негізсіз және шамадан тыс. 

– Саяхатқа тыйым салу – Серж Саргсянға тағылған барлық ойдан шығарылған айыптардан да қатаңырақ шара. Бұл шара адамның жеке басын куәландыратын құжатсыз жасырынып, шекараны кесіп өтуі мүмкін жағдайларда қолданылады, - деді Макинян тыңдаудан кейін. 

Оның айтуынша, бұрынғы президенттің қашып кетуі мүмкін деген болжам қисынсыз. 

– Ақыл-есі дұрыс адам Арменияның үшінші президенті жасырынғысы келетініне шынымен сене ме? - деп қосты адвокат. 

Бұған дейін Никол Пашинянның Армения мемлекетінің бейбітшілік қағидаттарына сүйенетін Төртінші Республикаға айналатынын мәлімдегенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар