Арнайы визамен ғана рұқсат - Биыл заңсыз қажылық жасағандар жазаланады

АСТАНА. KAZINFORM - Сауд Арабиясы биыл заңсыз қажылық жасаған адамдар мен заңсыз қажылықты ұйымдастырғандарға қомақты айыппұл салады. Бұл туралы Kazinform агенттігі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына сілтемемен хабарлады.

Сауд Арабиясында қажылық кезінде 1,3 мың адам қайтыс болды
Фото: pexels.com

— Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық және ұмра министрлігі 2025 жылғы 29 сәуір мен 10 маусым аралығында қажылық жасау ережелерін бұзған немесе заңсыз қажылық жасауда азаматтарға көмектескен өкілдерге белгіленген жазалау шараларын жариялады, - деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметі.

Мәліметке сай, жазалау шарасы мынандай жағдайларда қолданады:

1. Лицензиясыз қажылық жасап жүрген немесе жасауға әрекет еткен азаматтар көрсетілген уақыт аралығында қасиетті орындарда қалса немесе зиярат жасаса, 20 мың Сауд Арабиясы риялы немесе 5300 АҚШ доллары көлемінде айыппұл салынады.

2. Қажылықты орындауға әрекет етіп Мекке және қасиетті орындарға кірген, бірақ «Қажылық визасы» жоқ шетел азаматтарына, шетелдіктердің қажылық сапарын басқа визалар арқылы ұйымдастырған жауапты өкілдерге 100 мың Сауд Арабиясы риялы – шамамен 26 мың 600 АҚШ доллары көлемінде айыппұл қарастырылған. Бұл айыппұл соммасы әрбір жалған виза үшін жеке-жеке есептеледі.

Сонымен қатар заңсыз түрде Мекке аумағына кіргендерді жасырғандар, тасымалдаған көлік жүргізушілері, орналастырған қонақ үйлер мен жеке үй иелеріне де дәл осынша сомада айыппұл салынады.

3. Заңсыз түрде Қажылық жасауға әрекет еткен азаматтар, Сауд Арабиясында уақытша тұрған, визасының уақыты аяқталған немесе заңсыз түрде мекендеп отырған азаматтар өз еліне депортацияланады және 10 жылға Сауд Арабиясына кіруге тыйым салынады.

4. Қажылық визасы жоқ шетелдік азаматтарды тасымалдаған транспорттар оларға көмектескен азаматтарға тиесілі болса, ол көліктер сот қаулысымен мемлекет есебіне өткізіледі.

5. ВИЗА уақыты аяқталса да, елден шығып кетпеген шетел азаматтарына 50 мың Сауд Арабиясы риялы - 13 мың 300 АҚШ доллары көлемінде айыппұл, 6 айға дейін қамау және депортация жазасы белгіленген. Сонымен қатар Қажылық және Умра министрлігі қажылық жасаушыларға НУСУК және ТАСРИҚ платформалары арқылы рұқсат алу қажеттігін ескертеді.

Айта кетейік, 2025 жылы қажылық өтеу тек «Қажылық визасы» арқылы жүзеге асырылады. Басқа кез келген виза түрімен Мекке мен қасиетті жерлердің аумағына кіруге тыйым салынады.

Биыл Қазақстаннан ресми түрде 4500 адам қажылыққа аттанады. Олар 24-31 мамыр аралығында Саудияға барып, 10-16 маусым аралығында елге оралады.

— Барша жамағатты Сауд Арабиясы Корольдігі Қажылық және ұмра министрлігінің шетелдік азаматтарға қатысты ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Сонымен қатар биыл қажылыққа ниет еткен отандастарымызға қандай да бір заңсыз әрекеттерге бармауды және лицензиясы жоқ туристік фирмаларға жазылмау қажеттігін ескертеміз», - деп хабарлайды КМДБ.

2025 жылы Сауд Арабиясы 1 млн 800 мың парызын өтеушіні күтіп алуды жоспарлап отыр.

2024 жылы Сауд Арабиясы заңсыз түрде Қажылық жасаған 300 мыңнан астам шетел азаматын анықтаған.

Айта кетейік, Сауд Арабиясы қажылық кезінде Меккеге кіруге жаңа шектеулер енгізді.

Соңғы жаңалықтар