«АрселорМиттал Теміртау» АҚ өндіріс көлемін тұрақтандырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «АрселорМиттал Теміртау» АҚ өндіріс көлемін тұрақтандырды. Бұл туралы бүгін Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Инвестициялар және әлеуметтік даму министрі Әсет Исекешев мәлім етті.
«АрселорМиттал Теміртау» екі пештегі апатқа қарамастан өндіріс көлемін тұрақтандырды және ең бастысы - Иран нарығына 1 млн. тонна көлеміндегі жеткізілімдер сақталды»,-деді министр.
Сонымен қатар Ә. Исекешев биылғы қыркүйек-қазанда аккумуляторлар, трансформаторлар экспорты артқандығын, сондай-ақ ЕАЭО нарығына өзге де кәсіпорындардың өнім жеткізілімдері басталғанын жеткізді. Жалпы 10 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп көлемі 1,3 пайызға төмендеген көрінеді.
«Бұл бірінші кезекте мұнай және темір кенін өндірудің төмендеуі есебінен болды. Алайда түсті металдарды өндіру мен жаңа жобалар есебінен аталған төмендеулер қандай да бір дәрежеде өтелді»,-деді ведомство басшысы.