Әртүрлі ел мен мәдениет өкілдері арасындағы достық байланыс қақтығыстардың алдын алады — Президент

АСТАНА. KAZINFORM — Әртүрлі ел мен мәдениет өкілдерінің арасындағы достық байланыс қақтығыстар мен соғыстардың алдын алады. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Токаев
Фото: Ақорда

— Өкінішке қарай, дүниежүзі сенім дағдарысымен бетпе-бет келген шақта экстремистік идеологияның оралуы, популизм мен талас-тартыстың өршуі, халықаралық құқықтың құнсыздануы, негізгі халықаралық институттардың әлсіреуі байқалады. Сондықтан Қазақстан БҰҰ Жарғысын қатаң ұстануды, Ұйымды реформалауды дәйекті түрде ұсынып келеді. Қазіргі жағдайда БҰҰ баламасы жоқ ғаламдық ұйым болып қала береді. Сондықтан біз БҰҰ-ны қолдаймыз, — деді Мемлекет басшысы.

Президент еліміз түрлі мемлекеттер мен аймақтардың арасындағы достық пен ынтымақтастыққа, өркениетті диалогты дамытуға дәнекер болу үшін көп күш жұмсап келе жатқанын баса айтты. 

— 20 жылдан аса уақыттан бері барлық негізгі конфессиялардың өкілдері әр үш жыл сайын Қазақстанда бас қосады. Биыл күзде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті VIIІ съезін өткізу жоспарланып отыр. Былтыр Астанада Съездің Ізгілік елшілері сайланды. Олар адамгершілік идеяларын ілгерілетіп, әлемде диалог пен өзара түсіністік орнатуға ықпал етеді. Халықаралық қатынастардағы сенімсіздікті еңсеру үшін рухани дипломатиядан бөлек, ҚХА қызметімен ұштасып жатқан халықтық дипломатияның да мол әлеуетін пайдалану керек. Әртүрлі ел мен мәдениет өкілдерінің арасындағы достық байланыс қақтығыстар мен соғыстардың алдын алады. Бұл — ең тиімді тәсіл. Қазақстан халқы Ассамблеясы әлемдегі диалог пен мәдени әралуандықты нығайтуға қызмет етеді. Бүгінде әлем жалпыға ортақ өрлеуге бағытталған жасампаз күн тәртібі мен үлкен жобалардың тапшылығын қатты сезініп отыр. Қазақстан барлық серіктесімен көпжоспарлы әрі нәтижелі жұмысқа ден қояды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пайымынша, қазіргідей аумалы-төкпелі заманда ауызбіршіліктің қадірі арта түскені сөзсіз. 

— Бейбітшілік пен тұрақтылық — тағдырдың бізге бере салған сыйы емес. Бұл — бір ел, бір халық болып атқарып жатқан қажырлы еңбектің жемісі. Біз сындарлы сәтте жұрт болып жұмыла білеміз. Бұған былтыр Ақтау маңында ұшақ апаты болғанда тағы бір мәрте көзіміз жетті. Азаматтарымыз зардап шеккен адамдардан көмегін аяған жоқ. Кезекке тұрып, қан тапсырды. Әзербайжан Елшілігіне барып, гүл шоқтарын қойды. Бүкіл әлем халқымыздың ұйымшылдығы мен жанашырлығына тәнті болды. Халқымыздың жүрегі — кең, пейілі — ақ, ниеті — таза. Мейірімділік, қамқорлық және тілеулестік — біздің ұлттық ерекшелігіміз. Біз осы құндылықтарымызды сақтап, өскелең ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІV сессиясы өтіп жатыр.

Сессия барысында Президент Қазақстан этностары театрларының фестивалін өткізуді ұсынды.

Бұған дейін елдегі 500-ден астам көшеге бұған дейін елеусіз қалған жергілікті қаһармандардың есімі берілетіні анықталды.

Соңғы жаңалықтар