«Ашық аспан» режимі Атырау халықаралық әуежайына не береді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Х.Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайы алдағы уақытта «Ашық аспан» режиміне қосылады. Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың айтуынша, Үкіметтің қолдауымен аталған режимді қосу мәселесі оң шешімін тапқан.

Әкім орынбасарының пікірінше, мұндай режимнің әуежай жұмысына тигізетін бірнеше себебі бар.
– Біріншіден, халықаралық және ішкі рейстер саны көбейеді. Екіншіден, Батыс Еуропа мен Таяу Шығыстағы, Азия құрлығындағы елдерге тікелей әуе байланысын ашуға ықпал етеді. Үшіншіден, әуе компанияларының арасындағы бәсекелестікті арттырады. Төртіншіден, әуе билетінің бағасын төмендетуге мүмкіндігі туындайды. Бесіншіден, жүк тасымалын дамытуға, шетелдік инвестицияны көбірек тартуға жол ашылады, - дейді Қайрат Нұртаев.
Оның мәліметінше, биыл жаңа әуежай кешенінің құрылысы басталады. Инвестициялық жоба аясында салынатын жаңа аэровокзал кешенінің ауданы – 16 мың 500 шаршы метр.
– Былтыр инвестормен меморандумға қол қойылды. Шетелдік компания нысанды 3 жаңа телескопиялық траппен жабдықтайды. Ұшу-қону жолағы кеңейтіледі. Биыл басталатын әуежай вокзалының құрылысын алдағы жылы толық аяқтау жоспарланып отыр. Сол кезде жаңа әуежай логистикалық орталық ретінде дамып, Атырау мұнай-газ өнеркәсібі үшін маңызды хабқа айналады. Атырау облысы әкімдігі мен QazAir Investments LLC арасындағы меморандумға сәйкес әуежайды инвесторға сенімгерлік басқаруға беру бағытында жұмыс атқарылып жатыр, - деп мәлім етті Қайрат Нұртаев.
Қазір Х.Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайынан аптасына 7 бағытпен ішкі 89 әуе рейсі ұшады. Ал халықаралық 6 бағытта аптасына 21 рейс орындалады. Қолданыстағы әуежайда жылына 1,2-1,3 млн жолаушыға қызмет көрсетіледі. Жаңа терминал іске қосылғаннан кейін жолаушылар саны 6 млн-ға дейін көбейеді.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауға солтүстік айналма жолдың құрылысы не үшін қажеттігін жазған едік.