Атырауға солтүстік айналма жолдың құрылысы не үшін қажет
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласының маңында 2023 жылы солтүстік айналма жолдың құрылысы басталған еді. Жалпы ұзындығы 27,5 шақырым болатын бұл жол не үшін қажет?

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың айтуына қарағанда, солтүстік айналма жолдың құрылысын 2026 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
– Осы кезге дейін жобаға сәйкес 7 шақырым жолдың негізгі қабаты салынды. Асфальт жабынының астыңғы қабаты төселді. Көпірдің және жол айрығының қадалары орнатылды. Солтүстік айналма жол өзге өңірлерден келетін жүк көліктерінің Атырау қаласына кірмей-ақ, Орал, Ақтау, Ақтөбе және Ресей Федерациясының шекарасы бағытындағы жолға шығуына мүмкіндік береді. Демек, алдағы уақытта бұл жоба көлік және логистика саласының экономикалық тұрғыдан тиімділігін арттырады, - дейді Қайрат Нұртаев.
Оның дерегіне қарағанда, аталған жобасы аясында Жайық өзені мен Сарыөзек каналы арқылы өтетін көпірлер салынады. Оған қоса үш жол айрығы қарастырылып отыр. Жайық өзенінің үстінен салынатын көпір Атырау-Орал және Атырау-Индер жолына қосылады.
– Облыс тұрғындарын «Атырау қаласынан Ресей Федерациясының шекарасына дейін қатынайтын жолдың 5 шақырымы қашан салынады?» деген сауал толғандырады. Жолдың бұл бөлігін 1-ші санатқа ауыстыру мақсатында облыстың коммуналдық меншігіне алдық. Жол бөлігін реконструкциялау үшін жобалық-сметалық құжат дайындалды. Жобаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы берілді. Барлық құжатты Көлік министрлігі мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ға тапсырдық. Құрылыс жұмысын биыл бастау жоспарланып отыр, - деді Қайрат Нұртаев.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудан Ресей шекарасына дейінгі жол 6 жылдан бері бітпей отырғанын хабарлаған едік.