Атыраудан Ресей шекарасына дейінгі жол 6 жылдан бері бітпей отыр

АТЫРАУ. KAZINFORM — Елімізде құрылысы ұзаққа созылған жолдың бірі — Атырау қаласынан Ресей Федерациясының шекарасына дейін қатынайтын жол. Оны жаңғырту жобасы 2018 жылы басталған.

дорога
Фото: ҚазАвтоЖол

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның баспасөз қызметі 15 желтоқсанда аталған бағыттағы жолдың құрылысы аяқталғанын хабарлады. Жолдың ұзындығы — 272 шақырым.

Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Еуропалық қайта құру және даму банкінен несие алынған.

— Қайта жаңарту жұмыстарынан кейін жол үшінші техникалық санаттан екінші санатқа ауыстырылды. Ені 3,75 метрлік екі жолақты қозғалысы бар жол салынды. Жоба аясында 6 көпір, 1 жолөтпе, 60 су өткізгіш құбыр мен 10 демалыс алаңы абаттандырылды. Жол бойында 650 жарық тірегі орнатылып, жол пайдаланушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етілді, — деп хабарлаған еді компанияның баспасөз қызметі.

Халықаралық стандарттарға сәйкес жобаны жүзеге асыруға Қазақстан, Италия, Түркия мен Әзербайжан Республикасының компаниялары қатысқан.

дороги
Фото: ҚазАвтоЖол

Жол құрылысына 650 маман мен 450 арнайы техника тартылған. Ақтөбе облысындағы Мұғалжар, Маңғыстау өңіріндегі Шетпе кентінен теміржол арқылы 3,4 млн тонна интертті материал жеткізілген.

Инертті материалдарды тасымалдау үшін 50 мыңға жуық жартылай вагон, ал битумды жеткізуге 2,5 мың таситын техника қажет болған. 

Алайда Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Ерубаевтың айтуынша, Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы бағытындағы жолдың құрылысы әлі толық аяқталмаған.

Депутат осыған байланысты Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдады. 

дороги
Фото: ҚазАвтоЖол

— Мемлекет басшысы былтыр Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміз үшін маңызды «Астана–Балқаш–Алматы», «Атырау–Астрахань», «Ақтөбе–Қандыағаш», «Талдықорған–Өскемен» бағытындағы жолдардың реконструкция мерзімі ұзаққа созылғанын сынға алып, оларды аяқтауды тапсырған еді. Көлік министрі М.Қарабаев 23 желтоқсанда Мәжілісте өткен Үкімет сағатында аталған жолдарды жөндеу жұмыстары толық аяқталып, ел игілігіне қолданысқа берілгенін айтты. Оның ішінде құрылысы 2018 жылы басталып, алты жыл бойы аяқталмай жатқан «Атырау–Астрахан» тасжолы да бар. Алайда Исатай ауданында 17 шақырымды құрайтын «Аққыстау–Тұщықұдық» айналма жолы әлі басталмаған деп айтуға болады. Кейбір учаскелерде асфальттің соңғы қабаты салынбаған. Х.Ерғалиев ауылында көпір құрылысы бітпеген. Көліктер әлі айналып өтіп жүр, — дейді Серік Ерубаев.

Депутаттың мәліметіне сүйенсек, бірінші, екінші және үшінші лот бойынша 621-753-шақырымның аралығындағы 132 шақырымда жылдамдық шектеуі сағатына 60 шақырым деген жол белгісі әлі алынбаған. 

— Бұл не деген сөз? Бас-аяғы 277 шақырымның жартысына жуығы — 132 шақырымы толық бітпеді деген сөз. Осы ақпаратты нақтылау үшін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына Атырау облысының республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың жағдайы жөнінде ресми хаттар жібердік. Ұлттық компания жауабында нақты мәлімет берген жоқ, — деп мәлім етті Мәжіліс депутаты. 

дорога
Фото: ҚазАвтоЖол

«ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Азамат Қабдығалиевтың мәліметінше, 621-833-шақырымға дейінгі учаскеде негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған. 

Жолдың бұл бөлігіне асфальтбетон жабыны төселген. Көпірлер, су өткізгіш құбырлар, торлы қоршаулар, Исатай ауданындағы Тұщықұдық және Ақыстау ауылдарының тұсында жарықтандыру тіректері салынған. 

— Жоба аясында 10-ға жуық демалыс орны, санитарлық-гигиеналық тораптар мен кемпингтер салынады. Х.Ерғалиев ауылының маңындағы Бақсай өзегі арқылы өтетін көпірдің құрылысы аяқталды. Енді тосқауыл және қоршау орнату жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Қазір көлік ескі көпір арқылы өтеді. Бірақ кейін жаңа көпірмен жүреді. Исатай кентінің маңындағы 753-833-шақырым аралығындағы 80 шақырымдық жол бөлігі пайдалануға беру сатысында тұр. Ал биыл 132 шақырымды қолданысқа беру жоспарланды, — дейді Азамат Қабдығалиев. 

Оның айтуына қарағанда, биыл жол жиегін нығайту, арнайы жол белгілерін орнату, құрылыс жүргізілген аумақтарды рекультивациялау қолға алынады. 

— Барлық кезеңде атқарылып жатқан жұмыстың сапасы ұдайы бақылауға алынып отыр. Бақылауды мердігер компаниялар зертханасының, техникалық қадағалау қызметі мен Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мамандары жүргізіп келеді, — деді Азамат Қабдығалиев. 

дороги
Фото: ҚазАвтоЖол

Атыраудан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі жолдың жөнделуін ұзақ күткен жанның бірі — Таңатар Дәрелұлы. 

— Бұрын Құрманғазы ауданынан жұмыс бабымен Атырау қаласына жиі келіп жүрдім. Сол кезде облыс орталығына жету үшін жолда 5-6 сағат жүретін едік. Қазір автобуспен 3 сағатта жетеміз. Жолға күрделі жөндеу жүргізілген соң көліктің жүру уақыты едеуір қысқарды. Бұл жолмен халықаралық бағытта жүк таситын көліктер де қатынайды. Жалпы жол — экономиканың күретамыры, — дейді Құрманғазы ауданының құрметті азаматы Таңатар Дәрелұлы. 

Еске сала кетелік, бұған дейінАтыраудан Ресей шекарасына дейінгі жол құрылысы қалай жүріп жатқанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар