Атыраудан Ресей шекарасына дейінгі жол құрылысы қалай жүріп жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Жалпы Атырау облысы бойынша 3052 шақырым жол бар. Оның 1926-сы облыстық болса, 1126-сы республикалық маңызға ие. Жалпы өңірлік жол сапасы 76 пайызды құрайды. Келешекте жауаптылар бұл көрсеткішті 85-90 пайызға дейін жеткізуді көздеп отыр. Атырау қаласынан төрт бағытқа шығатын республикалық жол бар. Соның бірі Ресей Федерациясындағы Астрахань өңірінің шекарасына дейін қатынайтын жолды жаңғырту 2019 жылы басталған. Бұл жолмен жеңіл көлік те, ауыр жүк көліктері де өтеді. Бес жылдан бері халықаралық маңызға ие жолды қайта жаңғыртудан өткізу қалай жүріп жатыр?

жол
Фото: Жолдасбек Шөпеғұл/Kazinform

1 шақырым жолды салуға 600 млн теңге жұмсалады

Көлік министрінің орынбасары Сәтжан Аблалиевтың айтуына қарағанда, Атыраудан Рсесей шекарасына дейін қатынайтын жол бұрын үшінші санатта болған. Енді қайта жаңғыртудан соң екінші санатқа ауыстырылады. 

жол
Фото: Жолдасбек Шөпеғұл/Kazinform

«Жол санатын анықтаудың бірнеше параметрі бар. Біріншіден, жолмен өтетін көлік санына байланысты болады. Мәселен, тәулігіне 7 мыңға дейін көлік жүретін болса, онда екінші санатқа ауыстырылуы қажет. Екіншіден, мұндай санаттағы жолдың жер төсемінің ені 15 метрге дейін болуы керек. Үшіншіден, асфальт төсемінің ені – 9 метр. Бұл жолдағы көлік қозғалысының жылдамдығы сағатына 110 шақырымға дейін болады», - деді Сәтжан Аблалиев.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаевтың айтуынша, бұл жолдың жалпы ұзындығы 277 шақырымды құрайды. Бұл – «Ақтөбе-Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы» бағытындағы республикалық жолдың бір бөлігі. 

жол
Фото: Жолдасбек Шөпеғұл/Kazinform

«Батыс өңірдегі бұл жол – көрші елмен байланыстыратын басты күретамыр. Көрші елдің шекарасына дейін созылған жол Атырау облысындағы Исатай және Құрманғазы ауданының аумағымен өтеді. Жол бойында 12 елді мекен орналасқан. Құрманғазы ауылынан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі 60 шақырымын жөндеу 2019 жылы басталған еді. Жолдың қайта жаңғыртудан өткен бұл бөлігі 2021 жылы пайдалануға берілді. Ал, 2020 жылы 212 шақырымды күрделі жөндеуден өткізу басталды», - дейді Болатбек Айтбаев. 

Жоба басталған кезде аталған жол құрылысына 98 млрд теңге бөлінген. Көлік министрінің орынбасары Сәтжан Аблалиевтың дерегіне сүйенсек, 1 шақырым жолды салуға 400-ден 600 млн теңгеге қаржы жұмсалады. Осы тұрғыдан айтқанда, бастапқыда бөлінген қаржының көлемі 111,3 млрд теңгеге жеткен. 

жол
Фото: Жолдасбек Шөпеғұл/Kazinform

Теміржол тасымалы неге қымбат?

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Мұрат Мықтыбаевтың мәліметінше, жобаға сәйкес жол бойына 6 көпір салу қарастырылған. Көпірдің бірі Исатай ауданындағы Х.Ерғалиев ауылының тұсында орналасқан. Қазір бұл көпірдің құрылысы жүріп жатыр. Осы кезге дейін су өткізетін 60 тұрба, 1500-ден астам жарық тірегі орнатылған. 

жол
Фото: Жолдасбек Шөпеғұл/Kazinform

«Жол құрылысының бір учаскесіне 495 адам, 299 техника тартылды. Жұмысшылардың дені – жергілікті өңірдің тұрғындары. Жаңғырытылып жатқан жолға 2 млн тонна инертті материалдар, 42,05 мың тонна жол битумы, 1,29 млн тонна асфальт бетоны төселді. Жол бойына 2250-ге жуық түрлі жол белгісі орнатылып жатыр. Бұрын бұл жолмен жүруге 5-6 сағат кететін еді. Қазір 2 сағаттан сәл асатын уақытта жүріп өтуге болады», - дейді Мұрат Мықтыбаев. 

Оның айтуынша, қазір Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі жолдың 212 шақырымында жол төсемінің құрылысы аяқталған. Бұл – 621-833 шақырым аралығындағы учаске. Аталған жол бөлігінің негізгі қабаты, ал, 146,8 шақырымында қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетонның жоғары қабаты төселген.  

жол
Фото: Жолдасбек Шөпеғұл/Kazinform

«Жол бойына 3 санитарлық-гигиеналық торап орнату көзделді. Тораптың бірі Исатай ауданындағы Зинеден ауылының маңында ашылды. Ал, Аққыстау ауылында жол-пайдалану бекеті ашылады», - дейді Мұрат Мықтыбаев. 

Төрт бөлікке бөлінген жол құрылысына Қазақстанның, Италия мен Түркияның, Әзербайжан Республикасының компаниялары мердігерлікке тартылған. Отандық компанияның бірі – «АқжолҚұрылыс» ЖШС 2020 жылдан Атырау облысындағы жол құрылысына қатысып келеді. Бұл компания Маңғыстау облысында тіркелген. Компанияның бас директоры Әмірбек Төлегеновтің айтуынша, бұған дейін дейін Қызылқоға және Мақат ауданының аумағында 119 шақырым жол салған. Ал, шекараға дейінгі жол бойында 56 шақырымды салып жатыр. 

жол
Фото: Жолдасбек Шөпеғұл/Kazinform

«Біздің компанияда Қазақстанның барлық өңірінің тұрғындары жұмыс істейді. Ең төменгі жалақы 100 мың теңгеден басталады. Жол құрылысында кездесіп отырған басты қиындық – инертті материалдардың өзге өңірлерден тасымалдануы. Өйткені, Атырау облысында жол құрылысына қажетті қиыршық тас, ПГС, битум секілді инертті материалдар жоқ. Сол себептен, инертті материалдарды Ақтөбе облысынан теміржолмен тасымалдап отырмыз. Инертті материалдарды теміржолмен тасымалдау бағасы қымбат. Осы жоба басталғанда бір тонна қиыршық тасты тасымалдауға 6 мың теңгеден төлейтін едік. Қазір бұл баға 11 мың теңгеден басталады. Қиыршық тас беретін мекемеге 1 млрд теңге төледім. Бірақ, 200 млн теңгенің қиыршық тасын алдым. Неге десеңіз, 800 млн теңге теміржолмен тасымалдауға жұмсалды», - дейді Әмірбек Төлегенов.

Тағы бір мердігер – «СП Сине Мидас Строй» ЖШС 80 шақырым учаскені пайдалауға тапсырған. Компанияның бас директоры Мехмед Дилшад Буданның мәліметіне сүйенсек, оған 500-ге жуық адам, 300-ден астам техника тартылыпты. 

«Бұл учаскенің құрылысына 250 мың тонна асфальт төселді. Ақтөбе облысынан 22 мың вагон қиыршықтас, Маңғыстау облысынан 25 мың тонна битум жеткіздік. Жолға 1,2 млн тонна топырақ пайдаланылды. Жол бойында 16 су құбыры, 2 мал өткелі, 78 жарық бағаны, тор және кедергі қоршауы, 435 жол белгісі, жарық белгілері бар дауыс зорайтуға арналған құрылғы, 4 демалыс алаңы орнатылды», - дейді жоба менеджері Ахмет Мудуроглу.

Жолдың 5 шақырымы 4 жолақты болады

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Мұрат Мықтыбаевтың мәліметінше, жыл соңына дейін 212 шақырым жол пайдалануға беріледі. Ал, 5 шақырым жолды жөндеу бұл жобаға енгізілмеген.

«Өйткені, Атырау қаласының шетінен басталатын жолдың 5 шақырымына облыстық маңыз беріліп отыр. Сол себептен, жолдың бұл учаскесі қайта жаңғырту жобасына енгізілген жоқ. Енді оны облыс бюджетінен қаржы бөлу арқылы жөндеу көзделіп отыр», - дейді Мұрат Мықтыбаев. 

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың айтуынша, мұнайлы шаһарға кіре берістегі 5 шақырым жолды күрделі жөндеуге байланысты арнайы жоба әзірленген. Жоба мемлекеттік сараптамадан өткен. 

жол
Фото: Жолдасбек Шөпеғұл/Kazinform

«Жолдың бұл бөлігі 4 жолақты болады. Оның төсемі 14 метрге дейін кеңейтіледі. Атырау қаласының солтүстік бөлігіндегі бұл учаске облыстық маңызы бар жол ретінде жоспарға қайта енгізілді», - дейді Қайрат Нұртаев.

Саладағы еңбек өтілі – 42 жыл

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаевтың айтуынша, жол саласында мамандар жетіспейді. Ұзақ жыл жұмыс істеген мамандар зейнет жасына жақындаған. Мәселен, Құрманғазы ауданының тұрғыны Рақымғали Сәрсенбаев 42 жылдан бері осы салада жұмыс істейді. КамАЗ жүргізушісі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған. Қазір ол әріптестерімен бірге «Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы» бағытындағы жолдың 830-893 шақырымын күтіп-ұстауға үлес қосып жүр. 

жол
Фото: Жолдасбек Шөпеғұл/Kazinform

«Қыста ауыр техникамен жолдағы қарды күреймін. Кейде асфальтқа инертті материалдар төгемін. Жұмысымыз таңертеңгі сағат 08:00-де басталады. Содан кешкі сағат 18:00-ге дейін мігір таппаймыз. Күн райы бұзылған кезде түнде де, таңда да жұмысқа шығамыз. Бұрын бұл жол жөнделмегенде, ауыр техникамен жүру қиын еді. Сол қиындықтан арылдық. Енді жолды бүлдірмеу үшін ұдайы күтім жасау қажет», - дейді Рақымғали Сәрсенбаев. 

Тәжірибелі жүргізушіге жаңа көлік берілген. Жаңа көлік автоматтандырылған. Енді жақында арада зейнеткерлік аттанатын күнді күтіп жүр. 

«Отбасымда екі бала бар. Олар басқа саланы таңдады. Ұлым өрт сөндіру бөлімінде бөлімше командирі болып жұмыс істейді. Қызым тұрмысқа шықты. Болашақта немерелер мен жиендерім жолымды жалғастыратын шығар деп ойлаймын», - дейді Рақымғали Сәрсенбаев. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын биыл Атыраудан Ресей шекарасына дейін қатынайтын жолды жаңғырту аяқталатынын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар