АШМ басшысы: Азық-түлік импортын толық жоямыз деу — утопия
АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Kazinform-ға берген сұхбатында азық-түлік импортын отандық өніммен алмастыруда қандай саясат ұстанып отырғанын айтты.
— Азық түлік қауіпсіздігі мен өзін-өзі толық қамтамасыз етудің айырмашылығы бар. Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар тұрмыстық тауарлардың тізбесі бекітілген және мониторинг жүргізіледі. Осы 35 тауардың ішінде ет, сүт, жұмыртқа, көкөніс, қант сияқты өнімдер де бар. Импортты алмастыру нақты осы тауарларға бағдарланған. Ал бүкіл азық-түлік импортын алмастырамын деу — әрине, утопия, бұл экономикалық тұрғыдан өзін ақтамайтын іс, — деді Айдарбек Сапаров.
Министр дүкен сөрелеріндегі қатырылған құс етінің біразы қазақстандық өнім екенін айтады.
— Мысалы біз құс етін өндіру мен сүт өңдеуде алға жылжи алдық. Кейінгі 5 жылда құс етін өндіру көлемі 150 мың тонна артты. Қазақстанның әр түкпірінде қатырылған отандық құс еті бар. Бұрын негізінен импорт тұтынатынбыз. Сөрелерде жыл он екі ай қазақстандық жылыжайлардан әкелінген көкөніс тұратынын байқаған шығарсыз, — деген ведомство басшысы Солтүстік Қазақстанның тәжірибесі сүт өңдеу саласының дамуына түрткі боғланын еске салды.
Министр бұл жерде ішкі өндірістің мүмкіндігінен бөлек экономикалық жағы тағы бар екенін айтады.
— Импорт өнімдердің баға жағынан бәсекеге қабілеті жоғары. Оның ішінде мемлекеттік қолдау саясатының рөлі ерекше. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметі бойынша, Беларусь елінің агроөнеркәсіпті қолдау деңгейі 22%-ға жеткен. Ал Қазақстанда 6% деңгейінде, — дейді ведомство басшысы.
Бұған дейін әлемдегі сиыр етінің бағасы мен Қазақстандағы бағаны салыстырған едік.