Асқар Мамин жүк пойызын апаттан аман алып қалған машинистерді марапаттады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның президенті Асқар Мамин Атырау облысындағы Мақат локомотив пайдалану депосының машинисі Руслан Қалиев пен оның көмекшісі Есенжан Молдабатыровқа Қазақстанның Тәуелсіздік күні құрметіне өз қолынан сағат табыс етті.
«Бұған дейін хабарлағанымыздай, бұл бригада жүк пойызының қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы ауыр апаттың алдын алған болатын» делінген ҚТЖ-ның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Атырау облысындағы Мақат локомотив пайдалану депосының бригадасы №469 жүк пойызын Шоқпартоғай қума жолынан 33 шақырымдық жылдамдықпен жүргізіп келе жатты.
Түнгі қараңғылықта машинист Руслан Қалиев рельс аралығындағы бекеттің бағанасын байқап қалып, шұғыл тежегішті басты. Салмағы бес мың тонналық пойыз жедел тоқтатылды.
«Біз машинистің көмекшісі Есенжан Молдабатыров екеуміз локомотивтен шықтық. Шамамен 30-40 метр жерден рельске металл сыммен байланған шпалды көрдік. Жол бойындағы затты аңғармай қалғанымызда қандай аппатты жағдай болатындығын ойлағанымызда, денеміз шымырлап кетті», - дейді машинист.
36 жастағы Руслан Қалиев теміржолда тоғыз жылдан бері еңбек етеді. Соңғы екі жылда пойыз жүргізеді. Оның ағасы да машинист болса, әкесі де теміржолшы. Ол болашағын теміржолсыз елестете алмайды. Оның көмекшісі Есенжан Молдабатыров теміржолда бес жылдан бері еңбек етеді. Биыл 30- ға толады.
Биылғы жыл басынан бері локомотив бригадалары жол бойындағы бөгде заттардың жатқандығына байланысты 22 рет пойызды шұғыл тоқтатуға мәжбүр болды.