Әскерге өз еркімен келіп жатқан жастардың қарасы қалың — Қорғаныс министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM — Қорғаныс министрінің орынбасары Қаныш Әбубәкіров әскерден жалтарғандарға қатысты пікір айтты.
— Биыл әскерге шақыруға жолданатын SMS-ті заңдастырдық. Әскерге шақыртуға жататын әрбір адамға SMS келсе, ол жергілікті қорғаныс департаментіне баруы тиіс. Қайта-қайта шақыртуға келмеген адамдар тізімін ішкі істер органдарына тапсырамыз. Бұл ретте, олар жедел профилактикалық шаралар қабылдайды. Бір шақыру науқанында 20 мыңнан астам сарбазды қамтимыз. Сол кезде осындай (әскерге шақыртудан жалтару) 5-10 жағдайы тіркеледі, яғни олар үш-төрт шақыртуға келмегендер. Негізінен, ел жастары Отан алдындағы борышын атқарып жатыр. Сондықтан оларға несие бойынша «каникул», оқу орындарына грант беріліп жатыр, — деді Қ. Әбубәкіров Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, қазір әскердегі қылмыс та, өлім-жітім де азайды.
— Қазір жастар әскерге өз еркімен келіп жатыр және оларға алғысымды айтқым келеді. Олар әлемдегі геосаяси жағдайды түсініп, әскер қатарына өздері барып жатыр, — деді министрдің орынбасары.
Еске салсақ, Қарулы күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбаев әскерге SMS-хабарлама арқылы шақыру қалай ұйымдастырлатынын түсіндірді.
Болашақ сарбазға SMS-хабарлама келгеннен кейін 3 күннің ішінде шақыру бекетіне бару керек.
28 тамызда Қазақстанда ресми түрде күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Ол 31 желтоқсанға дейін жалғасады.
Әскерден жалтарғандар 1 жылға сотталуы мүмкін.