Әскерге сау аттанып, балдақпен оралды: Түркістандық сарбаздың анасы ұлының денсаулығына алаңдаулы
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысы Келес ауданының 19 жастағы тұрғыны Бақытжан Әмит әскерге аттанып, төрт айдан астам уақыттан кейін денсаулығына байланысты үйіне оралған. Қазір ол балдақпен жүр. Оған ота жасау қажет.
Бақытжан 2025 жылғы қарашада Сарыағаштағы медицина колледжінде оқып жүріп, Қонаев қаласындағы (бұрынғы Қапшағай) № 58012 әскери бөлімге жіберілген. Анасының айтуынша, оның туғаннан бері жамбас буынында ақауы болған. Алайда әскери медициналық комиссия оны қызметке жарамды деп таныған.
— Әскерге барғаннан кейін екі ай өткен соң аяғым қатты ауыра бастады. Ақсап жүретін болдым. Бірнеше рет айттым, бірақ емделуге жібермеді. Сарбаз болған соң шыдап жүре бердім, — деді Бақытжан Әмит.
Сарбаз Қонаев қаласында 4 айдан астам қызмет етіп, кейін Семейдегі № 54770 әскери бөлімге ауыстырылған. Анасының айтуынша, Семейдегі дәрігерлер оның жағдайын тексеріп, Астанадағы әскери госпитальға жіберген.
— Астанадағы госпитальда 70 күннен астам жатты. Дәрігерлерден баламды мұқият тексеруді сұрадым. «Сүйек жемірілуі» деді. Одан соң Семейге қайтарды. Әскери-дәрігерлік комиссия баламды әскери қызметке жарамсыз деп танып, Түркістанға жіберді. Сап-сау күйінде әскерге алып кетіп, ауырып қалғаннан кейін «өзің барып емдел» дегендей үйге әкеліп тастады. Балам қазір ақсандап, балдақпен жүр, — деді сарбаздың анасы Сәуле Қуандықова.
Қазір Бақытжанның анасы ұлының емделуіне алаңдап отыр. Оның айтуынша, дәрігерлер ота жасау қажеттігін айтқан. Сонымен қатар медициналық сақтандыру мәселесіне байланысты ем алуда қиындықтар бар.
— Аудандық емханада травматологқа қаралдық. Дәрігер балдақты тастамау керектігін ескертті. Семейдегі дәрігерлердің қорытындыларын Ташкенттегі жеке клиникаға жібердім. Олар шұғыл түрде ота жасау қажет екенін айтты. Бұл үшін қомақты қаражат керек. Оған шамам жетпейді, дәрі-дәрмегін де ала алмай отырмын. Өзім алты баланың анасымын. Баламның денсаулығын қалпына келтіріп, қажетті емін алуға көмектессе екен деймін, — деді анасы.
Жағдайға қатысты Қорғаныс министрлігі ресми түсінік берді.
— 2025 жылғы қарашада мерзімді әскери қызметке шақыру кезінде медициналық куәландырудан өткен Б.Н. Әмит денсаулығына шағым айтпаған. Жергілікті атқарушы орган құрған медициналық комиссияның қорытындысымен ол әскери қызметке жарамды деп танылған, — деп хабарлады министрлік.
Әскери қызмет барысында денсаулығына қатысты шағымдары пайда болғаннан кейін сарбаз дер кезінде тексеруге жіберіліп, госпитальға жатқызылған және қажетті ем қабылдаған. Тексеру барысында буындардың туа біткен патологиясымен қатар, несеп шығару жүйесінің қосымша аурулары анықталған.
— Анықталған аурулардың жиынтығы бойынша ол әскери-дәрігерлік комиссияға ұсынылып, әскери қызметке жарамсыз деп танылды. Кейіннен белгіленген тәртіппен денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметтен босатылды, — делінген жауапта.
Бұған дейін ақтаулық сарбаздан әскери бөлімдегі ұрып-соғуға қатысты шағым түскені хабарланған болатын. Осыған байланысты сотқа дейінгі тергеу басталған.