Әскери кемелердің соқтығысуы: Үндістан мен Пәкістан наразылық білдірді
АСТАНА. KAZINFORM — Пәкістан Оман шығанағында болған әскери кемелердің қақтығысына байланысты Үндістанға наразылық білдірді. Исламабадтың мәлімдеуінше, үндістандық әскери кеме Пәкістанның экономикалық аймағында қауіпті маневр жасаған. Бұл туралы Kazinform Анадолы агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Пәкістан Сыртқы істер министрлігі Оман шығанағында болған әскери кемелердің соқтығысуына қатысты мәлімдеме жасады. Осыған байланысты Үндістанның Исламабадтағы уақытша сенімді өкілі министрлікке шақырылып, үндістандық тарапқа қатаң наразылық білдірілді.
Пәкістанның айрықша экономикалық аймағында өтіп жатқан «SEASPARK-26» әскери-теңіз жаттығулары кезінде Үндістанның әскери кемесі Пәкістанның әскери кемесіне тым жақын келіп, қауіпті маневр жасаған. Салдарынан екі елдің кемесі соқтығысқан.
Пәкістан Үндістанның әрекетін агрессиялық қадам деп атап, оны қатаң айыптады. Исламабад Нью-Делиден халықаралық құқық нормаларын және теңіздегі келеңсіз оқиғалардың алдын алуға арналған екіжақты келісімдерді сақтауды талап етті.
Үндістан да әскери кемелердің соқтығысуына байланысты Пәкістанға наразылық білдірді
Үндістан Сыртқы істер министрлігі сол күні жариялаған мәлімдемеде Оман шығанағында екі елдің әскери кемелері соқтығысқаны айтылған.
Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, Пәкістан әскери-теңіз күштерінің «қабылданбайтын әрі кәсіби талаптарға сай емес әрекеті» үндістандық әскери кемеге соқтығысуға себеп болған. Осыған байланысты Пәкістанның Нью-Делидегі уақытша сенімді өкілі министрлікке шақырылып, оған Үндістан тарапының наразылығы жеткізілді.
Бұған дейін Трамп Сауд Арабиясы, Түркия және Пәкістан арасындағы қорғаныс келісіміне қолдау білдіргені хабарланған болатын.
Ақзат Жиеналина