Әскери қызметшілер қалай тамақтанады: жеке тамақтану рационының құрамына не кіреді
АСТАНА. KAZINFORM — Әскери қызмет көбіне қолайсыз жағдайларда — полигондарда, алыс аймақтарда және оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде өтеді.
Алайда қандай жағдайда болмасын өзгермейтін қағида бар: әскери қызметші киіммен, аяқ киіммен және толыққанды тамақпен қамтамасыз етілуі тиіс.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ыстық тамақ ұйымдастыру мүмкін болмаған жағдайда Қарулы күштерде жеке тамақтану рациондары (ЖТР) қолданылады. Оның үш негізгі түрі бар: жалпыәскери, Десанттық-шабуылдаушы әскерлерге арналған және кеме мен катер экипаждарына арналған борттық рацион.

Жеке рациондар әскери қызметшілерге жол үстінде, оқу-жаттығулар кезінде, полигондарда, әскери бөлімдерден алыс орналасқан бөлімшелерде, сондай-ақ төтенше жағдайлар мен табиғи апаттар аймақтарында беріледі.

Әрбір рацион жеті күнге есептелген және оның құрамына галеттер, ет консервілері, паштет, жылқы етінен жасалған сүрленген өнімдер, балқытылған ірімшік, қоюлатылған сүт, шоколад, кептірілген жемістер, шай, кофе, қант және тұз кіреді. Рационның орташа энергетикалық құндылығы тәулігіне шамамен 4170 килокалория.
Барлық өнім ұлттық және мемлекетаралық стандарттарға сай өндіріледі әрі құрамында генетикалық түрлендірілген ағзалар жоқ. Олар герметикалық түрде қапталып, ұзақ уақыт сақтауға және сыртқы әсерлерден қорғауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жинақта портативті жылытқыш, су мен желге төзімді сіріңке, суды залалсыздандыру құралдары, майлық, бір реттік қасық және жиналмалы металл консерві ашқыш бар.
Осындай ойластырылған азық-түлікпен қамтамасыз ету жүйесі әскери қызметшілердің күш-қуат дайындығы мен жауынгерлік қабілетін күрделі әрі стандартты емес жағдайларда да сақтауға мүмкіндік береді.
Айта кетелік Оралда Ұлттық ұлан қатарында егіздер салтанатты түрде ант берген еді.