Аспабота — Маңғыстаудың әлемдік өркениеттегі орнын айқындайтын қала
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстаудағы шамамен екі мың жылдық тарихы бар Аспабота қалашығы соңғы жылдары археологтардың ерекше назарын аударып келеді. Ақтаулық жас зерттеуші Әйгерім Бугабаева көне шаһардың тарихи маңызын зерделеп, ғылыми жоба әзірледі. Оның еңбегі «Ұлттық тарих күні» республикалық тарихи зерттеу жобалары байқауында жүлделі ІІІ орынға ие болды. Kazinform тілшісі жас зерттеушімен Аспабота қалашығының құпиясы, ғылыми ізденісі және Маңғыстаудың тарихи мұрасы туралы әңгімелесті.
— Әйгерім, алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. «Ұлттық тарих күні» байқауы қалай өтті?
— Мен Маңғыстау облысының тумасымын. Мамандығым — педагог, сондай-ақ тарих саласын зерттеумен айналысамын. Қазір Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің магистрантымын. Ғылыми жұмысым Маңғыстау өңірінің тарихи-мәдени мұраларын, оның ішінде көне қалалар мен археологиялық ескерткіштердің тарихын зерттеуге арналған.
«Ұлттық тарих күні» республикалық тарихи зерттеу жобалары байқауы жастардың тарихи зерттеу дағдыларын дамытуға, ұлттық тарихқа қызығушылығын арттыруға бағытталған. Ерекшелігі — қатысушылар тек ғылыми жұмыс ұсынып қана қоймай, оны көрме, тарихи қойылым немесе қысқаметражды деректі фильм форматында қорғады. Маңғыстау облысынан сегіз команда қатысып, соның ішінде біздің жұмысымыз ІІІ орынға лайық деп танылды.
— Отандық археологияда үлкен қызығушылық тудырған Аспабота қаласын зерттеуге не түрткі болды?
— Өңір тарихын ғылыми тұрғыдан насихаттап, оны жастарға таныстыру — менің басты мақсаттарымның бірі. Зерттеу барысында Маңғыстау тарихының әлі де толық ашылмаған тұстары көп екеніне көзім жетті. Әсіресе ежелгі ғалым Клавдий Птолемейдің картасында көрсетілген Аспабота қаласының нақты орны ұзақ жыл бойы ғылыми пікірталас тудырды. Соңғы археологиялық зерттеулер Қарақабақ қалашығы дәл осы көне Аспабота болуы мүмкін екенін көрсетті. Бұл жаңалық Маңғыстаудың әлемдік өркениет тарихындағы орнын жаңа қырынан танытуға мүмкіндік береді.
— Зерттеуіңізде Аспаботаның екі мың жылдық тарихы барын әрі халықаралық сауда орталығы болғанын қалай дәлелдедіңіз?
— Бұл — менің жеке болжамым емес, археологиялық зерттеулерге негізделген ғылыми тұжырым. Қазба жұмыстары барысында табылған мәдени қабаттар, тиындар, керамика, өндіріс орындары мен импорттық бұйымдар қаланың біздің заманымыздың І–VI ғасырлары аралығында өмір сүргенін көрсетеді. Сонымен қатар Византия, Иран, Қытай және өзге де өңірлерден келген бұйымдардың табылуы Аспаботаның Каспий арқылы өтетін халықаралық сауда жолындағы маңызды орталық болғанын дәлелдейді.
Мені ерекше таңғалдырғаны — әртүрлі өркениеттерге тән жәдігерлердің бір археологиялық кешеннен табылуы. Қыш ыдыстардың бір бөлігі қышшы дөңгелегімен жасалған немесе дамыған қолөнер орталықтарынан әкелінген. Бұл қаланың алыс өңірлермен сауда және мәдени байланыстары жоғары деңгейде болғанын көрсетеді.
— Бұл жаңалық «қазақтар ежелде тек көшпелі өмір сүрді» деген түсінікке қалай әсер етеді?
— Аспабота көшпелі және отырықшы мәдениеттің қатар дамығанын көрсетеді. Археологиялық зерттеулер барысында тұрғын үйлер, қорғаныс құрылыстары, қолөнер шеберханалары мен өндіріс орындары анықталды. Бұл Маңғыстауда көшпелі өмір салтымен қатар сауда мен қолөнерге негізделген қалалық мәдениеттің де болғанын айғақтайды.
Байқауға дайындық барысында біз археолог Андрей Астафьев ұйымдастырған ғылыми-танымдық экспедицияға қатыстық. Сол сапар негізінде Аспабота туралы деректі фильм түсіріп, комикс журнал әзірледік. Тарихи деректерді археологиялық олжалармен және қазіргі ғылыми тұжырымдармен ұштастыра отырып, Маңғыстаудың Ұлы Жібек жолындағы маңызын көрсетуге тырыстық. Қазылар алқасы осы кешенді жұмысымызды жоғары бағалады.
— Зерттеу барысында археологтармен жұмыс істедіңіз бе?
— Иә. Біз Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми еңбектері мен экспедиция материалдарын кеңінен пайдаландық. Сондай-ақ археологтар Андрей Астафьев, Евгений Богданов және Археология институты ғалымдарының жарияланған зерттеулері ғылыми негіз болды.
— Сіздің ойыңызша, Аспаботаны еліміздің басты туристік бағыттарының біріне айналдыру үшін қандай жұмыстар қажет?
— Ең алдымен археологиялық зерттеулерді жүйелі түрде жалғастыру керек. Сонымен қатар ашық аспан астындағы музей құру, туристік инфрақұрылымды дамыту, ақпараттық орталықтар ашу, қалашықтың 3D реконструкциясын жасау және оны халықаралық деңгейде насихаттау маңызды. Осындай жұмыстар жүзеге асса, Аспабота тек археологиялық ескерткіш қана емес, Маңғыстаудың тарихи туризмін жаңа деңгейге көтеретін бірегей мәдени орталыққа айналады деп сенемін.
Бұған дейін, Маңғыстауда тарихи Қарақабақ қалашығында зерттеу жұмыстары жүріп жатқанын жазған болатынбыз.