Ассамблея - тұтастығымыздың тұғыры
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі кезде күллі әлем мойындаған Қазақстандағы ұлтаралық келісім мен бірліктің, төзімділіктің тұғыры болған саясаттың алғашқы қадамдары сонау 1995 жылдан басталғаны белгілі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұрын-соңды әлемдік тәжірибеде болмаған құрылым құрып, оған «Қазақстан халқы Ассамблеясы» деген атау берді. Бірегей механизмнің тарихына көз жүгіртсек, алғашқы онжылдықтың институционалдық дамуға жұмсалғанын көреміз.
Ал 2007 жылы жүргізілген конституциялық реформа нәтижесінде Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) ерекше мәртебеге ие болып, Парламент арқылы ұлтаралық қатынастардың механизмдерін нығайту үшін, Мәжілісте 9 депутат тағайындауға мүмкіндік алды.
Көп ұзамай бұл өзгерістердің соңынан «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заң қабылданды.
Ал «Қазақстанның-2050» Стратегиясы қабылданғаннан кейін, Ассамблеяның дамуының жаңа кезеңі басталды.
Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бір халық - бір ел - бір тағдыр» деген атаумен өткен ҚХА-ның 20-шы сессиясында: «Жаңа жағдайларда Ассамблея нағыз жалпыазаматтық, саясатүстілік және жалпыхалықтық институт болуы тиіс» деп атап көрсетті.
Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның 21-ші ғасырдағы миссиясы тарылып емес, кеңейіп келе жатқанына екпін түсірді.
«Кейбіреулер «ескіше» ҚХА - бұл этностық азшылықтың өкілдігі деп ойлайды. Мен түсінбейтіндерге немесе түсінгісі келмейтіндерге бүгінде Ассамблеяның не екенін айтқым келеді.
Ассамблея - бүкілхалықтық өкілдік! Сондықтан да Ассамблеяға өзім жетекшілік етемін! Сондықтан да дәл бүгін Ассамблея - бұл барлық 17 миллиондық қазақстандық дедім!»,- деп мәлімдеді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі тұрақтылық пен достықты сақтау әрбір қазақстандықтың абыройлы міндеті екенін жиі-жиі айтып жүр. «Ливияда қазір әртүрлі қауым арасында соғыс жүріп жатыр. Мемлекетті жоқ десе де болады. Мысырда да бір ағым өкілдері мен екінші ағым өкілдері соғысып жатыр. Бұл елде күн сайын 50-60 адам көз жұмады. Азаматтық соғыстың табылдырығында тұрған Сирияда да қоғам алай-дүлей.
Өйткені, бұл елдерде ауызбірлік пен өзара түсіністік жоқ. Ал Украинада билік басына келген жаңа басшылар «біз халықтың бір бөлігін азаматтықтан айырып, орыс тілінде сөйлеуге шектеу қоямыз» дейді. Біздің елде мұндайды көзге елестете де алмайсың.
Қазақстанда барлығы да бар: жеріміз де, оның қойнауындағы байлығымыз да. Ең бастысы, халқымызбен бірге болсақ, болашаққа сеніммен қарай аламыз» деді Нұрсұлтан Назарбаев Парламентте депутаттар Кәрім Мәсімовтің кандидатурасын мақұлдағаннан кейін.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында «жаңа қазақстандық патриотизм» деген термин бекерден бекер пайда болған жоқ. «Қазақстандық патриотизмнің іргетасы - бұл барлық азаматтардың тең құқықтығы және ортақ Отанымыздың ар-намысы жолындағы жалпы жауапкершілігі» деді Президент.
Ал, жаңа қазақстандық патриотизм дегенді бүгінгі жастар қалай түсінеді? Патриот болу үшін, жиылған жұрттың алдына шығып: «Мен нағыз патриотпын!» деп айқайлаудың қажеті жоқ. Әр адам өз еліне кішкентай ғана ісімен пайда келтіргені жөн. Бойында елсүйгіштік, отансүйгіштік қасиеттері бар кез-келген адам патриот емес пе? Біз көбіне патриотизмді жаңаша көзқараспен бағамдамай жатамыз. «Патриотизм - бұл сенің туып-өскен елің басқалардан жақсы деп өзіңді сендіру» депті Виктор Гюго. Тауып айтылған.
Мысалы, еліміздің даңқын асырып, Олимпиадалық ойындарда жеңімпаз болғандар - нағыз патриоттар. Солардың бірі - Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев БАҚ-ның біріне берген сұхбатында былай депті: «Мен өз елімнің нағыз патриотымын! Қазір Лондонда білім алып жүрмін, бірақ Қазақстаннан ешқандай елге кетпеймін! Француз болып туғандар - Францияда, ағылшын болып туғандар - Англияда, қазақ болып туғандар - Қазақстанда өмір сүруі керек. Әлемге есімі мәлім боксшымыз Василий Жиров та Қазақстанның даңқын асырып, олимпиада ойындарында алтыннан алқа тақты. Ол 1996 жылы АҚШ-қа қоныс аударды, бірақ елге қайтып келуі де мүмкін еді. Менің ойымша, шетелдердегі танымал қазақтарға Қазақстанның азаматтығын беруге ойланбауымыз керек».
Ал біздіңше, тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның жеткен жетістіктерін мақтан ете білу де - елсүйгіштік. Үш жылдан кейін Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесі өтеді. Әлемдік деңгейдегі осынау үлкен шараны зор абыроймен өткізу - бәрімізге сын. Шындап келгенде, біздің елсүйгіштік сезіміміздің сыналатын тұсы да осы. Ортақ үйіміздегі тұрақтылық пен тыныштықтың кілті неде екенін шетелдіктерге көрсете білуіміз керек. Осыған дайынбыз ба?
Қалай болғанда да, Қазақстанның қарыштап дамуының да, жаңа қазақстандық патриотизмнің де түп қазығы - ел бірлігі екенін есте ұстағанымыз жөн. Әмірлан Әлімжан