Ассамблеяға 30 жыл: Мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас құралы ретіндегі рөлі артады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің 30 жылдық мерейлі жылында мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас құралы ретіндегі рөлін арттыру, этномедиация тәжірибесін кеңінен енгізу және этносаясат саласында халықаралық ынтымақтастықты арттыруға баса ден қояды. Бүгін елордада ҚХА мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

ҚР Президенті әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Анастасия Щегорцова Ассамблеяның 30 жылдығы бірлік пен келісім саясатын дамытудағы маңызды кезең екенін атап өтті.
− Биыл 1 наурызда Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлығына 30 жыл толады. Ассамблея 30 жыл ішінде консультативтік кеңесші органнан Парламенттік құқықтық негізі бар конституциялық институтқа айналды. Ассамблея қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін құрды. Ол өзіне жүктелген негізгі миссияны мінсіз орындады деп санауға болады. Осы жылдар ішінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту саясаты инклюзивті сипатта болды және қоғам өмірінің барлық салаларын қамтиды. Ассамблея қызметінің маңызды нәтижесінің бірі – этностардың Қазақстанның біртұтас халқына үйлесімді интеграциялану процесі, − деді ол «Қазақстандағы бірлік пен ынтымақ саясаты: тәжірибе және келешек» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында.
Сондай-ақ, ол ғылыми-тәжірибелік ұсыныстарды одан әрі ілгерілету және этносаралық қатынастарды нығайту саласындағы озық тәсілдерді енгізу бойынша күш-жігерді арттыру мемлекеттік деңгейде шешімдер қабылдау үшін практикалық ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік беретінін баса айтты.

ҚХА Республикалық этномедиация кеңесінің төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі Шерзод Пулатовтың айтуынша, әлемде осыған ұқсас ұйымдар бар, бірақ қазақстандық модель – бірегей.
− Әрине этностармен айналысатын қоғамдық ұйымдар Қырғызстан, Ресей секілді посткеңестік елдерде бар. Бірақ Президенттің өзі қадағалайтын, өзі басқаратын және осы бағытқа маңызды рөл беретін жағдайды тек Қазақстаннан көріп отырмыз. Және осы тәжірибені басқа мемлекеттер де үйреніп келе жатыр. Қазіргі күні нақты 125 этнос елімізде өмір сүреді. Бұл 2024 жылғы зерттеу нәтижесі, − деді Ш. Пулатов.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында мыңнан астам этномәдени бірлестіктер жұмыс істейді. Өңірлерде ҚХА жұмысын үйлестіретін және қамтамасыз ететін 34 Достық үйі бар. Бұл Ассамблеяның көпфункционалды ресурстық орталықтары (интеграция, медиация және волонтерлік) және Ассамблеяның бірқатар республикалық және халықаралық жобаларын іске асырушы алаңдары саналады.
Конференцияға қатысушылар этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты ілгерілету және ағартушылық қызметті жандандыру бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.
Жиын қорытындысы бойынша қарар қабылданып, алдағы жұмыстың бірқатар негізгі бағыттары анықталды. Сондай-ақ, мемлекеттік этносаясатты ғылыми және қоғамдық қолдаумен қамтамасыз ету үшін қоғамның мемлекеттік органдармен және ғылыми-сарапшылық қоғамдастықпен өзара іс-қимылын кеңейту курсы белгіленді.
Сондай-ақ, Ассамблеяның 30 жылдық тарихына арналған кітаптар, этностық газеттер мен журналдардың көшпелі көрмесі ұйымдастырылды.
Осыған дейін Қазақстан халқы Ассамблеясының 2026 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы әзірленгені туралы хабарлаған едік.