Astana AI Week: Қазақстан цифрлық мемлекет құруға қандай қадам жасап жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту стратегиясы қабылданды. Алдағы үш жылда елді цифрлық мемлекетке айналдыру үшін заңнаманы жетілдіру, инфрақұрылымды дамыту және кадр даярлау бағытындағы жұмыстар жалғасады. Бұл туралы Astana AI Week форумында Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов айтты.
Оның сөзінше, бүгінде жасанды интеллект экономикалық өсім мен елдің бәсекеге қабілеттігін айқындайтын негізгі бағыттардың біріне айналып отыр.
— Мемлекет басшысы алдағы үш жыл ішінде Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде нақты міндет қойды. Осы тапсырманы іске асыру үшін жақында Жасанды интеллектіні дамыту стратегиясы қабылданды. Бұл құжат еліміздің цифрлық трансформациясының негізгі бағыттарын айқындайды, — деді Ғиззат Байтұрсынов.
Вице-министрдің айтуынша, кейінгі бір жылдан астам уақыт ішінде осы саладағы құқықтық база қалыптасты. Атап айтқанда, Цифрлық кодекс, Жасанды интеллект туралы заң және технологиялық саясатты дамыту бағдарламасы қабылданған.
Келесі кезеңде әлемдік деңгейдегі цифрлық инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріледі.
— Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі — Қазақстанда ірі деректерді өңдеу орталығын салу. Бұл жоба америкалық инвестициялық компаниялармен бірлесіп жүзеге асырылады. Орталықта заманауи есептеу қуаттары мен суперкомпьютерлер орналастырылып, жасанды интеллект модельдерін әзірлеуге қажетті инфрақұрылым қалыптастырылады, — деді ол.
Ғиззат Байтұрсыновтың айтуынша, елімізде AI Alem орталығы да құрылып жатыр. Ол мемлекеттік органдарды, жоғары оқу орындарын, стартаптарды және бизнес қауымдастықты біріктіретін экожүйеге айналмақ.
Сонымен қатар жасанды интеллект саласына қажетті мамандарды даярлау жұмыстары күшейтілуде. Білім беру бағдарламалары мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр.
Вице-министрдің сөзінше, Қазақстан халықаралық ынтымақтастықты да кеңейтуді көздейді. Биыл тамыз айында Астанада жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада өтіп, оған 50-ден астам елдің оқушылары қатысады деп жоспарланып отыр.
— Біздің мақсатымыз — жасанды интеллектіні тек жаңа технология ретінде емес, азаматтардың өмір сапасын жақсартатын және экономиканың дамуына серпін беретін нақты құралға айналдыру, — деді Ғиззат Байтұрсынов.
Айта кетейік, бүгін елордадағы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында Astana AI Week 2026 апталығы басталды. Үш күнге созылатын іс-шара ғылым, технология, бизнес пен мемлекеттік сектор өкілдерін бір алаңға жинап, жасанды интеллект саласындағы жаңа шешімдерді талқылауға мүмкіндік береді.