Астана, Алматы мен Шымкент әкімдігінің басшылығында қанша әйел бар

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Мемлекеттік қызметте әйелдердің үлесі әлі де аз. Жағдайға көз жеткізу үшін Kazinform тілшісі Астана, Алматы және Шымкент әкімдіктеріне сауал жолдады.

әйел
Фото: Kazinform

Астана қаласы әкімі аппаратының мәліметінше, 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша қала әкімдігіндегі мемлекеттік қызметшілердің жалпы саны — 983 адам. Оның ішінде ер адамдар — 491, әйелдер — 492. Жалпы 124 әйел басшылық қызмет атқарады. 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі — 464.

Ресми жауапқа сәйкес, Алматы қаласының әкімдігінде 1 162 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Оның ішінде 602 ер адам, 560 әйел адам, жастар саны 558 (48,02%). Басшылық қызметте 127 әйел қызмет атқарады.

Шымкент әкімдігінде 858 мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 562 — ер адам, 306 — әйел. Жастардың саны — 415. Шымкент қаласында басшылық қызметте 63 әйел адам жұмыс істейді.

а
Фото: Pexels

Бұдан бөлек, меморгандардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасы арқылы үш мегаполистегі аудан әкімдерінің және басқарма басшыларының қаншауы әйел екенін анықтап көрдік.

Астана қаласында 23 басқарманың екеуін ғана әйел басқарады. Олар — қоғамдық денсаулық сақтау, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармалары. Ал қала бойынша 6 ауданның бәрінде аудан әкімдері — ер адамдар. 

Алматыда бұл көрсеткіште сәл айырмашылық бар. Қала әкімдігіне қарасты 24 басқарманың үшеуін әйелдер басқарады, олар — туризм, қоғамдық денсаулық сақтау, жер қатынастары басқармалары. Сондай-ақ мегаполистің 8 ауданының ішінде Наурызбай және Жетісуды әкім әйелдер басқарып отыр. 

Шымкент әкімдігіне қарасты 23 басқарманың үшеуінде әйелдер басшылық қызметте. Бұл ведомстволар — білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, ішкі саясат және жастар істері басқармалары. Қаланың 5 ауданының бәрін ер адамдар басқарады.

п
Фото: Pexels

Мемлекеттік басқару саласының сарапшысы Сабина Садиева мемлекеттік қызметтегі әйелдердің бүгінгі орны және үлесі жөнінде пікір білдірді.

— Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметіне сәйкес, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі шамамен 55% деңгейінде, ал басшылық лауазымдардың жалпы санының 39%-ын алады. Бұл ретте орта деңгейдегі басшылық лауазымдарда әйелдердің үлесі көп болып, ал жоғары деңгейдегі басшылық қызметтерде аз болуы мүмкін (шамамен 8-10%) екенін түсіну керек. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің жағдайын оларды жұмысқа алу және штаттық еңбекақы төлеу сынды ресми рәсімдермен ғана объективі бағалау мүмкін емес. Әйелдерді жұмысқа алуда ешқандай кедергі жоқ немесе төлем айырмашылығы жоқ деп айтылып жатады және бұл шынымен де солай. Алайда, әйелдердің өсуін тежейтін нормалар, әлеуметтік деңгейде факторлар бар. Мысалы, әйелдердің көпшілігі күнделікті өмірде жұмыстан бөлек балаларға, отбасына күтім жасап, тұрмыста да үлкен ауыртпалықты мойнына алады. Осыған байланысты олардың мансапта өсу мүмкіндігі азырақ, — деді сарапшы.

Сабина Садиеваның айтуынша, біздің қоғам әйелдерді жетекші рөлдерде қабылдауға әлі де толық дайын емес. Сөзінің мысалы ретінде ауыл әкімдерін сайлау нәтижесін атап өтті.

Садиева
Фото Сабина Садиеваның жеке архивінен

— Халық көшбасшылық еркек адамдарға тән қасиет деп санайды. Ауыл әкімдерін тікелей сайламай, тағайындайтын кезде әйелдердің үлесі 11%-ға жетті, ал тікелей сайлаудың енгізілуімен әртүрлі аймақтарда 2-ден 9 пайызға дейін өзгерді, — деді ол.

Мемлекеттік басқару саласының сарапшысы мемлекеттік қызметтегі әйелдерді қолдау үшін қандай шаралар қажет екенін де айтты.

— Әйелдер үшін маңызды шара — жұмыста белгілгенген уақыттан артық ұстауға, демалыс күндері жұмыс істетуге қарсы күрес, сондай-ақ демалыс беру нормаларын сақтау. Бұл мемлекеттік қызметтегі барлық қызметкерлер үшін маңызды, бірақ біздің қоғамда әйелдерге жүктелген «екінші ауысымды» ескере отырып, бұл гендерлік сезімтал мәселе екенін түсінеміз, — дейді Сабина Садиева.

Еске салайық, биыл әйелдерге арналған вагоны бар жолаушылар пойызының саны 12-ге жеткенін хабарлаған едік. 

 

Соңғы жаңалықтар