Астана, Алматы және Шымкентте қоқыстан электр өндіретін зауыттар салынып жатыр

АСТАНА. Қазақстанда Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауыттарын салу жобалары жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Руслан Түкенов Астанада өтіп жатқан «Жасыл энергия және қалдықтарды қайта өңдеу» (GEWR’26) X Еуразиялық бизнес-форумында мәлім етті.

Астана, Алматы және Шымкентте қоқыстан электр өндіретін зауыттар салынып жатыр
Фото: Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы

Оның айтуынша, бұл инвестициялық жобалардың жалпы құны 293 млрд теңгені құрайды.

— Қазіргі уақытта Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауыттарын салу бойынша инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жобалардың жалпы инвестиция көлемі 293 млрд теңгені құрайды. Бұл жобалар қалдықтарды көму көлемін едәуір қысқартып қана қоймай, заманауи технологияларды пайдалану арқылы электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді, — деді Руслан Түкенов.

Оның сөзінше, алдағы уақытта мұндай жобаларды Қазақстанның басқа облыс орталықтарында да кезең-кезеңімен іске асыру жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Қазақстан 2030 жылға қарай тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 40%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр.