Астана-Ашхабад: ЕҚЫҰ аясындағы және екіжақты деңгейдегі өзара ықпалдастық

АСТАНА. 12 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Ашхабадта министрдің орынбасары деңгейінде қазақстан-түрікмен сыртқы істер министрлігі арасындағы кеңесі өтті.

Астана-Ашхабад: ЕҚЫҰ аясындағы және екіжақты деңгейдегі өзара ықпалдастық

Қазақстан тарапынан ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай өкілдік етті, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Осыған дейін Ашхабад пен Астанада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түрікменстан Президенті Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов арасындағы келіссөздер барысында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру мақсатында тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастық мәселелерін кеңінен талқыға салды.

Әңгімелесуші тараптар 1-2 желтоқсан аралығында Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық барысын және оны мазмұнды толықтыру жағын қарастырды. Тараптар ЕҚЫҰ жоғары кездесулерінің аясында талқыланатын қауіпсіздікті нығайту, лаңкестікке, экстремизмге және есірткі тасымалына қарсы күрес мәселелерінде Қазақстан мен Түрікменстанның ұстанымдары бір екендігін жеткізді. Аталған консультациялар жоғары кездесулер алдындағы Астана мен Ашхабадтың келісілген ұстанымдарын ойластыруда, сондай-ақ Ұйым шеңберінде ортақ аймақтық мүдделерді ескере отырып консенсусты кеңістікті нығайтуда ерекше маңызға ие.

Екіжақты форматтағы өзара ықпалдастықты қарастыра отырып, тараптар сауда-экономиакалық, көлік-тасымал саласындағы және көмірсутек тасымалдаудағы өзара ынтымақтастықты, сонымен қатар қазақстан-түрікмен арасындағы мемлекеттік шекараны демаркациялау жөнінде жасалған жұмыстарды оң бағалады.

Келіссөздер нәтижесі бойынша тараптар Қазақстан мен Түрікменстан халықтары арасындағы қарқынды дамып келе жатқан бауырластық қатынастар бұдан кейін де бүкіл Орталық Азия аумағының тұрақты әрі ширақ дамуына негіз болатынына сенім білдірді.