Астана әуежайы трап тарифін 1040%-ға көтермек: әуе компаниялары наразылық танытты

АСТАНА. KAZINFORM — Елорданың халықаралық әуежайы телескопиялық басқышты (жылжымалы жабық дәліз-көпір) пайдалана отырып, ішкі рейстерде жолаушыларды отырғыз және түсіру қызметіне шекті бағаны көтеруге ниетті. Осыған орай Көлік министрлігінің Азаматтық авиция комитеті қоғамдық талқылау өткізіп, мәселенің мән-жайын ашуға тырысты.

Астана әуежайы рейстер кестесін уақытша өзгертеді
Фото: Мақсат Шағырбаев\Kazinform

Әуежай уәжі

«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ өкілі Әсемгүл Темірханованың мәліметінше, 2012 жылдан бастап, яғни 14 жыл ішінде телескопиялық траптарға техникалық қызмет көрсету үшін қажетті материалдарға жұмсалатын шығындар, электр энергиясының құны және еңбекақы деңгейі айтарлықтай өсті. Атап айтқанда, 2012 жылы заңды тұлғалар үшін электр энергиясының құны бір кВт/сағатқа 11,23 теңгені құраса, бүгінде тариф 35,72 теңгеге жетіп отыр. Демек электр энергиясының бағасы 218 пайызға өсті деген сөз.

— Сондай-ақ еңбекақы деңгейі де артты. 2012 жылғы статистикалық деректерге сәйкес, Астана қаласындағы әуежай қызметі бойынша өндірістік персоналдың орташа айлық жалақысы шамамен 150 000 теңге болатын. Ал 2025 жылдың қорытындысында өдірістік персоналдың орташа айлық жалақысы 735 000 теңгеге жетті, — деді ол.

Оның айтуынша, 2025 жылғы қаңтарда Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі Т2 терминалындағы алты телескопиялық трапты ауыстыру қажеттілігі туралы инспекторлық нұсқама берген. Қазіргі уақытта олардың ішінде екі трап ауыстырылды. Алдағы уақытта әуежай ішкі рейстерге арналған төрт жолаушылар телескопиялық трабын сатып алуды жоспарлап отыр. Сатып алудың жалпы құны қосылған құн салығын есепке алмағанда — 1 млрд 479 млн теңге.

— Келісуге ұсынылатын әуе кемелеріне отырғызу/түсіру кезінде телескопиялық трапты пайдалану қызметінің шекті бағасы ҚҚС-сыз 1 минутқа 1 842,72 теңге. Ұсынылып отырған шекті баға телескопиялық траптарды жаңартуға, сондай-ақ жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында көрсетілетін қызметке байланысты шығындарды өтеуге мүмкіндік береді, — деді әуежай өкілі.

Әуе компаниялары тарифтің күрт өсуіне наразы

Қоғамдық талқылауға қатысқан әуе компанияларының өкілдері әуежайдың ұшаққа отырғызу/түсіру кезінде телескопиялық трапты пайдалану қызметінің шекті бағасын тым көтермек ниетіне қарсылық танытып отыр. Мәселен, Air Astana өкілі Аққу Шайкенова ұсынылып отырған өтінімде тарифтің жоғары болуына әсер ететін кейбір жайтқа назар аудартты.

Оның атап өтуінше, әуе компаниясы әуежайдың инвестициялық бағдарламаны іске асыру туралы шешімін қолдайды. Өйткені бұл көрсетілетін қызметтердің сапасына тікелей әсер етеді. Бірақ, инвестициялық бағдарлама құнының іс жүзінде басым бөлігі жылдық шығыстар мен кірістер сметасына енгізіліп, «Пайда» бабында көрсетілгеніне қарсы. Оның үлесі 69 пайыз немесе 1,4 млрд теңге.

— Біздің ойымызша, инвестициялық бағдарламаға жұмсалатын шығыстарды жылдық сметаға толық көлемде енгізу экономикалық тұрғыдан негізсіз, — деді ол.

Компания өкілінің айтуынша, әуежай телескопиялық траптар бойынша жылдық амортизацияны 92,8 млн теңге көлемінде енгізіп, ал қалған 1,4 млрд теңгені пайда ретінде көрсеткен. Бұл ретте жабдық ұзақ мерзімді актив саналады және көптеген жыл бойы пайдаланылады.

Осыған байланысты тұтынушыларға түсетін қаржылық жүктеме жабдықтың бүкіл пайдалану мерзіміне есептелуі тиіс. Әдетте, мұндай мерзім кемінде 10–15 жыл. Демек, шығындарды жылдық шығыстар мен кірістер құрылымында біржолғы түрде тұтынушыларға жүктеу орынды болады.

— Ұсынылып отырған тарифтің өте жоғары екенін атап өткіміз келеді. Өсім 1 040 пайыз. Сондай-ақ төрт траптың барлығын сатып алуға жұмсалған қаражатты бір жылдың ішінде қайтару көзделген. Шынын айтқанда мұндай инвестициялық бағдарламаларды кездестірген емеспін. Осыған байланысты бірден сұрақ туындайды: егер, мысалы, әуежай бір жыл ішінде төрт трапты сатып алып, авиакомпаниялар оның құнын төлеуге мәжбүр болса, онда бір жылдан кейін тариф қазіргі деңгейіне қайта төмендей ме? , — деп таң қалады компания өкілі.


Аққу Шайкенованың атап өтуінше, тарифтің айтарлықтай өсуіне әуе кемелеріне сервистік қызмет көрсету де үлкен үлес қосып отыр. Бұл үлес 61 пайыз.

— Үлес есебі әуе компанияларының телескопиялық траптарды нақты пайдалану уақыты негізінде жасалғаны көрінеді. Ол жылына шамамен 1,9 млн минут. Бұл ішкі және халықаралық екі терминалдағы жалпы көрсеткіш — 3 млн минут, — деді ол.

Компания өкілінің дерегінше, ішкі әуе желілеріндегі 1,1 млн минут көлеміндегі телескопиялық траптарға қызмет көрсету уақытына өндірістік персоналдың 25 қызметкері мен әкімшілік персоналдың 2 қызметкерінің еңбекақы шығыстары жатқызылған. Бұл екі терминалдағы ішкі және халықаралық рейстерге арналған траптарға қызмет көрсететін жалпы штаттың 59 пайызына тең.

— Осыған байланысты телескопиялық траптарға қызмет көрсетуге 45 қызметкер тартылған деп болжауға болады. Бұл қызметтің жалпы 73 қызметкерден тұратын штат санының шамамен 61 пайызы. Бұл шығыстардың қалай бөлінгенін түсіну үшін ұсынылған материалдарды егжей-тегжейлі зерделеуге мәжбүр болдық. Сонымен бірге, екі терминалда әр ауысымда телескопиялық траптарды қосу, жабдықты шетке шығару және қажетті орынға орналастыру жұмыстарын атқаратын 7 инженер-қызметкердің тұрақты түрде болатыны белгілі. Егер әр ауысымда 7 қызметкер жұмыс істейтін болса, онда ішкі және халықаралық терминалдарда нақты қызмет көрсететін қызметкерлердің жалпы штат саны 28 адамнан аспауы тиіс деп есептейміз. Әрине, қызметкерлердің бір бөлігі еңбек демалысында немесе уақытша еңбекке жарамсыздықта болуы мүмкін. Осыған қосымша 10 пайызды есептегеннің өзінде, олардың саны шамамен 31 қызметкер болуы тиіс, — деді ол.

Сонымен қатар компания өкілі әуежай тарифі тым көтеріліп кеткен жағдайда ұшақ билет бағасы қымбаттайтынын ескертті.

— Соңғы айлардағы қайта реттеу үдерісіне байланысты әуе компанияларына түсетін жүктеме айтарлықтай артты. Бұған әуежай қызметтері құнының өсуі себеп болып отыр. Көптеген әуежай тарифтерін көтерді. Сондықтан әуежай қызметтеріне арналған тарифтердің кез келген өсімі ішкі әуе желілеріндегі жолаушылар тасымалы бағасының өсуіне тікелей әсер ететінін білеміз. Осыған байланысты уәкілетті органға және әуежайға тұтынушылар үшін тарифті осындай күрт әрі айтарлықтай деңгейде көтермеуді, шығындарды неғұрлым ұзақ кезеңге бөлу мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз. Бұл авиакомпаниялардың қызметіне түсетін теріс әсерді азайтуға және шығындарды тұтынушыларға бірден жүктемей, оларды неғұрлым ұзақ мерзім ішінде өтеуге мүмкіндік береді, — деді Аққу Шайкенова.

Айта кетелік Астана әуежайының жылдар бойы жабылмаған шығыны 36 млрд теңге болған еді