Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астана әуежайының қызметінен монополияға қарсы талаптардың бұзылғаны анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана бойынша департаменті «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ қызметінде монополияға қарсы заңнаманы бұзу фактісін анықтады.

Аэропорт Астана әуежайы
Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

Ведомствоның хабарлауынша, тергеп-тексеру барысында әуежайдың тиісті тауар нарығында монополиялық жағдайға ие бола отырып, авиациялық отын жеткізушілерден реттелмеген алым өндіргені анықталды. Бұл ретте жеткізушілердің көрсетілген талаптардан бас тарту немесе баламалы қызмет жеткізушісін таңдау мүмкіндігі болмаған.

— Сондай-ақ тергеп-тексеру барысында аталған алым мөлшерінің кезең-кезеңімен бір тонна үшін 16 240 теңгеден 77 852 теңгеге дейін, кейіннен 60 137 теңгеге дейін өзгертілгені анықталды. Бұл нарық қатысушыларының қаржылық жүктемесінің артуына және түпкілікті тұтынушылар үшін авиациялық отын құнының өсу тәуекелдеріне әкелген, — делінген хабарламада.

«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ-ның әрекеттері Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабына сәйкес монополиялық жағдайды теріс пайдалану ретінде сараланды.

Тергеп-тексеру қорытындылары бірінші сатыдағы сотпен заңды деп танылды.

Еске салайық, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов бірқатар нарықта монополияға қарсы бақылауды күшейтуді тапсырған еді.